Қырғызстанда желтоқсанның басында саяси белсенді Айбек Теңізбай қамауға алынды. Ол әлеуметтік желідегі жазбаларында "этностық араздықты қоздырды" деген күдікке ілінген. Құқық қорғау ұйымдары Қырғызстан Қылмыстық кодексіндегі бұл баптың анықтамасы тым бұлдыр дейді, ал оның белсенділер мен блогерлерге қатысты қолданылуын сынға алады. Қазақстандағы қауым да "Араздықты қоздыру" бабын осылай сынайды.
Қырғызстанда "Номад" телеарнасы қарашаның соңында салтанатпен іске қосылды. Шампан атылды, аста-төк фуршет болып, әртістер өнер көрсетті. Рәсімге Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова келіп, эфирдің басталуына белгі ретінде батырманы басты.
Бірнеше күннен кейін мемлекеттік сапармен Бішкекке келген Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанда "орыс тіліндегі жаңа телевизиялық арнаның іске қосылуын" символдық қадам деп атады. Путин елді орысша "Киргизия" деп атады, ал қырғыздар ел атауын "Кыргызстан" деп транслитерациялайды.
Жаңа БАҚ-тың жарнама роликтерінде "Қырғызстан мен Ресейдің біргілі күшті", "екі елдің тарихы ортақ" және "болашағы да ортақ" деп айтылады. "Номадтың" өз бағдарламалары да бар, бірақ эфир уақытының едәуір бөлігі ресейлік НТВ арнасының бағдарламаларын қайта таратуға арналған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қош бол, Ленин көшесі!" Совет мұраларынан Қырғызстан қалай арылып жатыр?Қырғызстандағы жаңа арна жұртқа тегіс ұнай қойған жоқ. Саяси комментатор әрі белсенді Айбек Теңізбай оны "пропагандашы арна" деп атап, елдің медиа кеңістігінде пайда болуын сынады. Сондай-ақ ол "Номадты" ашу салтанатында "Қырғызстан — орыс әлемінің бір бөлігі" деген вице-премьер Еділ Байсаловтың сөзін де қатты сынға алды.
Бірнеше күннен кейін Теңізбайға тәртіп сақшылары келді. Үйіне тінту жүргізіп, телефондары мен планшеттері тәркіленді. Жергілікті БАҚ туыстары оның ұсталғанын бірнеше сағат өткен соң ғана білгенін жазды. Теңізбай Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне (МҰҚК) жеткізіліп, кейін тергеу уақытына екі айға қамау жөнінде санкция берілді.
"ПІКІРІН АЙТҚАНЫ ҮШІН ҚУДАЛАУ"
Арнайы қызмет Айбек Теңізбай әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты тергелетінін хабарлады. Алайда істің мән-жайы туралы нақты мәлімет айтылмады.
Белсендінің адвокаты Жаныш Бараков Азаттыққа сұхбатында, тергеу нұсқасы бойынша, лингвистикалық сараптама Теңізбайдың жарияланымдарынан "этностық араздықты қоздыру" белгілерін анықтағанын айтады. Қандай жазбалар туралы сөз болып отырғаны әзірге белгісіз.
"Қырғызстан медиасының іс-қимыл платформасы" Теңізбайдың қамауға алынуына және оған айып тағылуына байланысты алаңдаушылық білдірді.
"МҰҚК Айбек Теңізбайдың ұлтаралық шиеленіске әкелуі мүмкін арандатушылық материалдарды жүйелі түрде жариялап отырғанын мәлімдейді, алайда қай этнос туралы сөз болып отырғанын да, даулы жазбалардың мазмұнын да нақтыламайды. Ал мұндай жарияланымдар ашық контент болып саналды, яғни оны кез келген Интернет қолданушы аша алады. Сондықтан ол материалдарды тергеу құпиясы деген сылтаумен жасыру – ашық сот төрелігі қағидатына қайшы. Ашықтықтың болмауы пікір білдіргені үшін қудалау жүріп жатқандай әсер қалдырады, Конституция мен халықаралық міндеттемелер аясында бұған жол берілмеуі тиіс", – делінген платформаның 17 желтоқсанда жарияланған мәлімдемесінде.
Қырғызстан Қылмыстық кодексінің "Нәсілдік, этностық, ұлттық, діни немесе аймақаралық араздықты (алауыздықты) қоздыру" деп аталатын 330-бабы бойынша айыптыға жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырады.
Теңізбай – Қырғызстанда Мәскеу саясатын сынаған пікірлерінен кейін осы бап бойынша айып тағылған алғашқы адам емес.
2022 жылдың қыркүйегінде Бішкек соты Next TV телеарнасының директоры Таалайбек Дүйшенбиевті бес жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды, бірақ жазаны шартты түрде өтеуге ауыстырып, үш жылдық пробациялық бақылау тағайындады. Оны айыптауға Қырғызстан Украинаға басып кірген Ресейге жасырын түрде әскери көмек беріп жатыр-мыс және Мәскеу мигранттарға қысым жасап, әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеп жатыр деген жазбалары негіз болған.
Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Дүйшенбиевке шығарылған үкімді әділетсіз деп атады.
"Айыптаудың ақылға қонымсыздығы биліктің телеарнаға оқиға туралы хабар таратуға кедергі келтіруге ұмтылып отырғанын айқын көрсетеді", – деді CPJ бағдарламалық директоры Карлос Мартинес де ла Серна.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Отбасымды көргім келеді". Украинаға тұтқынға түскен Орталық Азия тумаларының көмек сұраған дауысы неге естілмей қалып жатыр?Article 19 құқық қорғау ұйымы Дүйшенбиевке қатысты қылмыстық істі "журналисті саяси себептермен қудалау" деп бағалайтынын атап өтті.
Қырғызстандағы құқық қорғаушылар "араздықты қоздыру" туралы баптың билікке жақпаған адамдарды қудалауға қолданылып жатқанын айтып дабыл қақты.
2025 жылғы шілдеде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы, Пікір білдіру еркіндігі жөніндегі арнайы баяндамашысы және ұйымның басқа да сарапшылары Қырғызстан билігіне бірлескен үндеу жолдап, "Қырғызстанда әлеуметтік желіде билікті сынаған жарияланымдары үшін белсенділерді, блогерлерді және журналистерді қылмыстық жауапқа тарту үрдісі белең алғанын" сынады. Олар істердің көбі Қылмыстық кодекстің анықтамасы бұлдыр нормаларына негізделетінін айтып, алаңдаушылық білдірді.
Үндеу авторлары айыптаудың басым бөлігі "құқық қорғау органдары және/немесе Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тартқан, мемлекет тағайындаған сот-сарапшылардың бағасына немесе негізінен соларға сүйенетінін" айтып, мұндай тәжірибе "азаматтардың пікірін еркін білдіруіне немесе журналист, заңгер не қоғамдық белсенді ретіндегі қызметін жүзеге асыруына едәуір кері әсерін тигізетінін" атап көрсетті.
"ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢДЫ АСЫРА ПАЙДАЛАНУ"
Қазақстанда да осыған ұқсас жағдай байқалады. Ресей саясатын сынаған немесе соған ишара жасаған жарияланым авторларына Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру" деген 174-бабы қолданылып жүр.
Қарашада астаналық қоғам белсендісі Аида Жексенова Ресейдің Украинаға әскери агрессиясын ашық қолдайтын ресейлік әртістерге бойкот жариялауға шақырған әлеуметтік желідегі жазбасы үшін полицияға шақырылды. Оның айтуынша, арызды ресейлік жұлдыздардың концерттерін ұйымдастырушы Алексей Пучков түсірген. Ол Жексенованың "Тиматидің концертіне билет сатып алмаңыздар, соғысты қаржыландырмаңыздар" деген жазбасынан "алауыздықты қоздыру" белгілерін көрген.
Қоғам белсендісі Facebook парақшасында полиция қызметкерлерінің "жазбаны өшіргенің дұрыс болар еді" деп сыпайы түрде ишара жасағанын жазды.
Жексенованы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қолдап, блогердің әрекеттерінен ешқандай заң бұзу көрмейтінін айтты. Қазір Жексенованы қайтадан тергеуге шақырғаны не істің ілгерілеуі туралы ақпарат жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қамамай тұншықтырды". Темірлан Еңсебекке шыққан үкімге реакцияБиыл 174-бап бойынша сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебек сотталды. Сәуір айында Алматы соты оған бес жылға бостандығын шектеу жазасын кесті. Бұған қоса оның қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салынды. Ол "ұлттық алауыздықты қоздырды" деп танылды. Еңсебек бұл үкімді "тым қатаң" деп сынға алды.
Айыптау Qaznews24 аккаунтында жарияланған әзіл жазбаға негізделді. Ол ресейлік тележүргізуші әрі пропагандист Тина Канделакидің Қазақстандағы елді мекендер мен теміржол станцияларының атауын өзгертуге қатысты пікіріне байланысты шыққан. Канделаки Қазақстанда "орыс тілі мемлекеттік деңгейде біртіндеп, бірақ табанды түрде ығыстырылып жатыр" деген.
Еңсебек "Қазақстандық рэперлер Канделакиге арналған трек жазды" деген жазба жариялады. Оған бейәдеп сөздер бар "Йоу, орыстар" әні қоса тіркелген. Бұл ән Интернетте аталған жазбадан әлдеқайда бұрын пайда болған және Қазақстанда ресми түрде тыйым салынбаған.
"Бұл ән Ресей Украинаға басып кірген 2022 жылдан бері наразылықтың бір түрі ретінде қолданылып келеді. 2024 жылы мен оны жариялаған кезде ешкім ренжіген жоқ, бәрі оның қарсылық формасы екенін түсінді. Қазақстандықтар украин сценарийі қайталануы мүмкін деп алаңдады, Путиннің келесі әскери агрессиясының нысанасы Қазақстан болуы ықтимал деген қорқыныш болды", — деді Еңсебек сотта.
Соған қарамастан, сот бұл әнді "ұлтаралық келісім мен халық бірлігін бұзуға бағытталған әрекет" деп бағалады.
Сот процесі барысында Еңсебек орыстарға ешқандай өшпенділігі жоқ екенін, сүйген қызы Мария Кочнева орыс ұлтынан екенін, достарының арасында да орыстар көп екенін айтты.
Amnesty International халықаралық ұйымы Еңсебекті қудалау "саяси себептерге негізделген, ол Қазақстан үкіметін сынаған белсенділігі мен сатиралық жарияланымдары үшін нысанаға алынды" деп мәлімдеді.
"Мұнда ешқандай қылмыс жоқ, тек билік қылмыстық заңды асыра пайдаланып отыр" деп жазды халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының зерттеушісі Мира Риттман.
Кей адамдарға "Йоу, орыстар" әнінің сөзі қорлау болып көрінуі мүмкін, бірақ Еңсебектің Instagram-дағы посты бір жылдан астам уақыт бұрын жарияланған, онда зорлық-зомбылыққа, күш қолдануға, дискриминацияға я жаушылдыққа шақыратын ештеңе жоқ деп жазды Human Rights Watch.
HRW сондай-ақ құқық қорғау ұйымдары 174-баптың бұлдыр әрі тым жалпылама анықтамасы "адам құқықтары туралы заңнамамен, соның ішінде пікір білдіру, сөз бостандығы және бірлесу еркіндігімен қорғалатын заңды пікір мен іс-әрекетті қылмыс деп көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін және қазірдің өзінде пайдаланылып келеді" деп бірнеше рет ескерткенін еске салды.
2025 жылғы қаңтарда Қазақстанның ресми делегациясы Женевада Адам құқықтары жөніндегі әмбебап мерзімдік шолу аясында есеп берген кезде, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер үкіметті халықаралық адам құқықтары ережелері қорғайтын әрекеттері немесе пікірлері үшін кей адамдарға "алауыздықты қоздыру" бабын пайдаланбауға шақырды.
Сәуір айында Алматы соты Еңсебектің бостандығын шектеді. Ал тамызда оның өзі құрған, өткір сатирасымен танылған Qaznews24 паблигі жұмысын тоқтатты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бейбіт жиын, сөз бостандығы және азаптау. БҰҰ-да Қазақстан туралы не айтылды?