Билік ауысқан Арменияда бір жылда не өзгерді?

Бір жыл бұрын тұрғындардың жаппай наразылығынан кейін Арменияда билік ауысты. 2008 жылдан 2018 жылға дейін Армения президенті болып, кейін үкіметті басқарған премьер-министр Серж Саргсян қызметінен кетті. Наразы жұрттың талабымен билікке біртіндеп жаңа адамдар келе бастады. Азаттық Арменияның әр аймағында тұратын адамдардан "Барқыт революциясы" олардың өміріне қалай әсер еткенін сұрап көрді.

​Вараздат Амбарцумян, сәулетші, тас оюшы шебер, Ереван

Бұрынғы үкіметтің іс-әрекеті тым оғаш көрінетін. Олар қоқысты ақтарып жатқан қартты байқағанымен қасынан өте шығатын. Егер бұдан 50 жыл бұрын болашақта Арменияда осындай жағдай болуы мүмкін деп айтсаңыз ешкім сенбес еді.

Революция бізге сынақ болды. Нәтижесінде ар-ұят үстем шықты. Бұдан басқа маңызды нәрсе бар ма? Енді адамдар қайтадан мүмкіндікке ие болды. Кез келген жан жеке бизнесін бастай алады, оны ешкім жауып тастай алмайды. Республикашылдар (2018 жылы биліктен кеткен Серж Саргсянның партиясы – ред.) барлығын шым-шытырық қылуға тырысады, мұның өзі революция сәтті болып, бет алған бағытымыздың дұрыс екенін білдіреді.

Енді армяндардың бойында өзара түсіністік пен бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімі оянуы тиіс. Ондай қасиеттерді сіңіріп келе жатырмыз, бірақ әлі де көңіл толатындай дәрежеде емес деп санаймын.

Уши ауылының тұрғыны Нарине Мартиросян ұлттық тәтті тағам түрлерін әзірлеп, сатумен айналысады ​

Біздің қазіргі ісіміздің болашағы жоқ. Жол шетінде тәтті сатумен қашанғы айналысасың? Егер мұнда фабрика болса лайықты, тұрақты жұмысым болар еді.

Жұрт революцияға шыққан кезде не болып жатқанын онша түсінбедік. Әйтеуір бір жақсы өзгеріс болатын шығар деген үміт болды. Бірақ әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Үйіміздің шатыры тозған. Ауылдағы шатыры бүлінген үйлердің барлығы жөнделуі тиіс деп естігенбіз. Сондай жаңа заң бар сияқты. Ол шын ба, жоқ па, білмеймін, бірақ үкімет солай жасайды деп үміттенеміз.

Жол бойында тәтті я жеміс-жидек сатудың сәті түскен күні балаларымыздың қарны тояды. Ал кей күндері олар аш қалады. Кейде тіпті мектепке киіп баратын дұрыс аяқ киімге жарымай отырады. Неге біз жол шетінде жұмыс істеуге мәжбүр болуымыз керек? Бізге фабрикалар қажет. Фабрикамыз болғанда баяғы кездегідей тұрақты жалақы алар едік.

Гаик Симонян, математика пәні мұғалімі, Багаран ауылы

Өткен жыл ішінде білім жүйесінде қандай да бір өзгеріс болды деп ойламаймын. Үкіметтің жағдайды жақсартуды неден бастауды білмейтінін көріп отырмын. Барлығы мүлде жаман дей алмаймын, тек бұлдыр болып көрінеді.

Олар бізден көп нәрсе күтеді, бірақ бізге қажетті құралдарды бермей отыр. Осы таяуға дейін мектебімізде жалғыз ғана компьютер болды, бірақ мұғалімдерді тапсырманы электронды түрде бересіңдер деп міндеттеген. Он тоғыз мұғалімге бір компьютер, жұмыс көп, интернет жылдамдығы өте баяу. Қайтып істерсің?

Мен бұл проблемалардың барлығын билікке айта аламын, бірақ олар түк істей алмайды, өйткені қаржысы жоқ. Міне сондықтан да олар бюрократия мен барлығын электронды түрде сақтау жайлы емес, білім сапасы туралы қам жеуі керек.

Балалардың көбінің өмірде алған қойған мақсаты жоқ. Олар абыржып қалған. Ал ондай мақсатты білім беруі керек: егер мектебің жақсы болса, айналаңның барлығын түсінсең сен де соның бір бөлшегі болуға тырысасың. Мен балаларды өмірдің мәнін түсінуге үйреткім келеді.

Артак Симонян, діни қызметкер, Эчмиадзин

Революция – теңіз толқыны тәрізді. Ол жағаға асыл тастарды, жоғалған сақина, қымбат сағатты шығарып тастауы мүмкін... Бірақ сол байлықпен бірге көп қоқыс та жағаға шығып қалады. Адамдар әлі де толқыннан әсер алып жүр, барлығы өмірде болатын өзгерістерге дайын жүр. Алайда әуелі дауыл басылып, толқынның беті қайтқанын күткен абзал. Сонда жағада не қалғаны бізге анық көрінеді. Қоқыс па, әлде інжу-маржан ба? Әзірге ол туралы айтуға ерте.

Әйткенмен Эчмиадзинде өзгерістер байқалады. Әр аймақтың өз Манвелі бар шығар, сондықтан қалада революцияның артықшылығы өте айқын сезіледі. (Республикалық партиядан парламентке сайланған генерал Манвел Григорян 2018 жылы маусымның 16-сы күні тұтқындалған, тінту кезінде одан бірнеше мың доллар, қару-жарақтың үлкен қоры, бұған қоса Таулы Қарабақ аймағындағы әскерге жөнелтілуі тиіс тағамдар табылған. Генерал ол тағамды жеке меншік бағында ұстаған жолбарыс пен аюға азық ретінде берген делінеді - ред.).

Астхик Хачатрян, бариста, Ереван​

Революция болған кезде барлығымыз қуандық. Ал қазір, жеке өз басым, көңілім қалды дер едім. Ешқандай өзгеріс жоқ.

Мен непотизм жойылады деп күткен едім. Жаңа үкімет жастарға тамыр-танысының бар-жоғына қарамай өз қабылетін танытуына жол ашып, мүмкіндік беруі тиіс деп ойлағанмын.

Арменияның гүлденген елге айналуын қалаймын. Адамдар қазіргідей мардымсыз жалақыға азаптанып тырбанбай, көңіліне қош жұмыс істесе деймін. Мұндай жағдай Арменияның кез-келген аймағында бар. Министрліктерде жұмыс істейтін, қағаз-құжатты үйлеріне әкетіп, түні бойы шұқшиып отыратын, сонда да ол еңбегіне жарытып ақша алмайтын адамдарды білемін.

​Рузан Авоян, жеміс-жидек сатушы, Гюмри

Гюмри – кедей қала. Мұнда бірдеңе сату қиын. Қалада барлығы бұрынғыдай: егер жұмыс істемесің ешкім саған көмектеспейді. Революция сәтсіз болды, бірақ мен мынаны айтқым келеді: революция – жаңа үйге қоныстанғанмен бірдей, барлық кем-кетікті түзеп, қажетті жихаз сатып алуға тура келеді. Революция барлығын өздігімен ретке келтіреді деп тек ақымақ қана ойлауы мүмкін.

Зілзала болған кезде біз балалармен бірге көшеде болдық. (1988 жылы болған күшті жер сілкінісі салдарынан 25 мың адам мерт болып, Гюмри қаласы толық дерлік қираған – ред.). Көшеге қашып шыққанда үстімізде болған киіммен ғана қалдық. Мен қол қусырып отырмадым, өзіме үй салдым. Ал кей тұрғындар әлі күнге мемлекет жаңа үй береді деп күтіп, уақытша баспаналарда өмір сүріп жатыр. Ер-азамат бола тұра "маған кәмпит бер" деген балаша сұрайды.

Неге мемлекет олай істеуі керек? Құдай сізге ми мен тіл берді ғой. Соны пайдаланыңыз! Мемлекетте ақша жоқ, одан дәметуді қою керек.

Радек, малшы, Лернаван ауылы

Адамдар өзін еркін сезінетін болды. Сезімі мен не алаңдатыны туралы еркін айта алады. Бұрын адамдар артық немесе қате бірдеңе айтып қоямын ба деп қорқатын. Бұрынғы үкіметтің тұсында әлдебір республикашыл олигарх олардың партиясы туралы айтқанымызға қатты шамданған болар қалар еді.

Бұл тауда біз малмен жан бағамыз, сондықтан қандай да бір экономикалық әсерді сезген жоқпыз. Совет заманында мұнда фабрикалар болды, біз сонда жұмыс істейтінбіз. Ал одан басқа ешқандай көмек бере алмайсың. Егер тұрақты жұмысы болса адамдар лайықты өмір сүрер еді. Үйімде үш әйел бар, бәрі менің мойнымда. Олар үй шаруасын атқарады, далада жұмыс істейді. Себебі басқа жұмыс жоқ. Біз ескі көзқарастағы жандар емеспіз. Әйелдеріміздің де жұмыс істеп, мансап қуғанын теріс көрмейміз.

Варуян Арутюнян, шаруа, Ехегнадзор ауылы

Революцияға дейін бизнесі шағын жандарға шетел нарығына шығуға мүмкіндік болмай келді. Монополия болатын. Заң тұрғысынан алғанда ештеңе өзгерген жоқ. Бірақ монополияға қарсы заң жұмыс істей бастады.

Маған фермер болған ұнайды, өйткені еңбегіңнің жемісін бірден көресің – көп жұмыс істесең табысқа да кенелесің. Егер бар күшімді салып жұмыс істесем айына мың долларға дейін таба аламын.

Мені отбасымның жайы сияқты ел тағдыры да толғандырады. Егер отбасыда әр адам еңбек етсе, бүкіл шаңырақ табысты болады. Ал егер жұмыс істеуге құлық болмаса, онда отбасының шырқы кетеді. Міне сондықтан премьер-министр (Никол Пашинян – ред.) бір нәрсеге болсын қол жеткізу үшін бүкіл күш-қайратын жұмсап жүр, өйткені жұрт оған болысқысы келмейді.

Ел Арменияда жұмыс жоқ деп айтады. Мен онымен келіспеймін. Олар тым талғампаз. Әлденені күтіп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Егер әркім өзінде бар мүмкіндікті пайдаланса, біз жұрт армандаған елде тұрар едік.

Азаттықтың Армян қызметінің материалынан аударылды.