Армения мобилизация жарияланса, ресейліктерді қабылдауға дайын

Армения әуежайындағы елге кіргендерді тіркейтін орын. Көрнекі сурет.

Армения мобилизациядан қашқан ресейліктердің елге кіруіне тосқауыл қоймайды деді Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ален Симонян. “Дождь” арнасы тілшісі оған “Ресейде мобилизация болған жағдайда Ереван соғыстан қашқан ресейліктер елге ағыла ма деп қауіптенбей ме?” деген сұрақ қойған еді.

“Шекарада ешкімнен “бұл жаққа не үшін келдіңіз” деп сұрамайды. Өздеріңіз білесіздер, бізге Ресейден адамдар шетел паспортынсыз-ақ келе алады. Орыстарға айтатын бір ғана сөзім бар: “Арменияға қош келіпсіз!” деді Симонян.

Армения – Кремль саясатымен келіспегендер мен Украинадағы соғысқа барғысы келмеген ресейліктер жиі баратын елдердің бірі. 2022 жылы Арменияға шамамен 110 мың ресейлік көшіп барған, дегенмен олардың қаншасы сол жақта қалғаны белгісіз.

18-20 қыркүйекте өтетін мемлекеттік дума сайлауынан кейін Ресей басшысы Владимир Путин тағы мобилизация жариялауы мүмкін екендігі жөнінде сыбыс осы жазда пайда болған. Осы тұста ресейліктер өзге елдерге кету туралы ақпаратты жиі іздей бастаған. Ресей билігі мобилизация жоспарын жоққа шығарады.