Қостанай облысы Арқалық қаласында 18 сәуірде өтуі тиіс болған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулерге қарсы рұқсат етілген митинг өтпей қалды. Бұл жөнінде митингіні ұйымдастырушы Татьяна Шоқанға сүйенген "Власть" басылымы жазды.
Жануар құқығын қорғаушының сөзінше, ол митингіге бару үшін үйінен шығып, таксиге отырмақ болған кезде белгісіз ер адам аулада оны бөгеп, "арандатуға" тырысқан.
Татьяна Шоқан жариялаған видеода ер адам өзінің қызын ит тістеп алғанын айтып, оның таксиге отыруына кедергі жасайды. Митинг ұйымдастырушы оқиға орнына полиция шақырған. Бұдан соң Шоқан мен ер адам тірек пунктіне жеткізілген.
"Ол жақта процесті полиция соза бастады: өтініш жазатын бланк болмай қалады, принтер істемей қалады, олар өтініш жазатын бланкілерді алып келу үшін басқармаға кетті, сүйтіп бір сағат уақыт бостан-босқа кетті" деді ол.
Ақыры Татьяна Шоқан митингінің бітуіне 10 минут қалған кезде митинг өткізетін орынға жеткен. Бірақ митинг өтеді деген орында апатқа байланысты жоспардан тыс құрылыс жұмыстары жүріп жатқан. Сол себепті де бейбіт митингіге қатысқысы келген өзге адамдар таратылған. Сағат 13.00-де рұқсат етілген митинг аяқталуы тиіс болған кезде техникалар да кетіп қалған.
Жануар құқығын қорғаушы митингіде айтуға оқталған видеомәлімдемесін сол жақта түсіріп үлгерген.
"Арқалық қаласы жануарларды аулауға мүмкіндік беретін аталған түзетулерге қарсы. Бізде тұзақ та, уақытша ұстау орны да жоқ, яғни жануарлар сол жерде жойылады. Біз өлтіруге қарсымыз. Біз қаламызда төрт жыл бойы жүзеге асырылмаған АЗВЕЖ (аулау, зарарсыздандыру, вакциналау, құлағына ен салып, еркіне жіберу – ред.) бағдарламасын қолдаймыз" дейді ол.
Оның сөзінше, АЗВЕЖ бағдарламасы күшіне енген төрт жылда Арқалықта небәрі 25 ит зарарсыздандырылған.
"Біз қолданыстағы заңды қолдаймыз. Балаларымыз бен халқымыздың қауіпсіз болғанын қалаймыз. Бірақ қауіпсіздік бұл жануарларды тікелей өлтіруді білдірмейді" деді ол.
8 сәуірде мәжілісте "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға ұсынылған түзетулер мақұлданған. Түзетулерге сәйкес, қаңғырған жануарларды ұстағаннан кейін бес күн уақыт беріледі, осы уақытта ешкім оларды алып кетпесе, оларға эвтаназия қолданылады.
Бұған дейін қазақстандық жануар құқығын қорғаушылар сондағы түзетулерге қарсы петиция жариялаған. Петиция авторлары мұндай түзетулерді қабылдамауды, сонымен қатар құқық, ветеринария, экология саласындағы қазақстандық сарапшылар әзірлеген балама заң жобасын қарауды сұрап отыр.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң 2021 жылы желтоқсанда қабылданған.
Жануарларды қорғаушылар жаңа заңның бірқатар нормасына қарсы болғанымен, басым көпшілігі оны жақсы қабылдады. Заңда алғаш рет жануарларды зарарсыздандыру, қараусыз, далада қалғандарының санын реттеу үшін арнайы панажайға орналастыру тәртібі белгіленіп, жануарларды қорғаушылар мен қорғау ұйымдарына мемлекеттік органдарға ұсыныс беру, жануарлар қажетіне бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат алу құқы берілді. Заңда қаңғыған иттің иесі бес күнде табылмаса, онда ол зарарсыздандырылып, панажайға немесе табиғатқа жіберілетіні жазылған. Заң қаңғыған иттерді егер олар айналаға қауіп төндірмесе, жоюға тыйым салады.