"Артемида-2" экипажы Жерден ұзап ұшудан рекорд жаңартты

"Артемида-2" ғарыш миссиясы экипажы түсірген Айдың арғы бетінің фотосы.

АҚШ-тың аэроғарыш агенттігінің (NASA) "Артемида-2" миссиясымен ғарышқа ұшқан төрт астронавт 6 сәуір күні тарихта адам баласының Жерден барынша алысқа ұзап ұшу жөнінен рекорд жасады: олар мінген Orion ғарыш кемесі Айдың арғы бетін айнала ұшу кезінде Жерден 252,760 мильге (406,770 шақырымға жуық) дейін алыстап, 1970 жылғы Apollo 13 миссиясы көрсеткішінен асып түсті.

NASA мәліметінше, рекорд 6 сәуір күні миссияның алтыншы тәулігінде, ғарыш кемесі Жерден 248,655 мильден асқан сәтте ресми тіркелді. Мұндай қашықтыққа осы уақытқа дейін Apollo 13 экипажы ұзап шыққан еді. Кейін Orion ғарыш кемесі ұшу траекториясының ең алыс нүктесінде тағы бірнеше мың мильге ұзап, жаңа абсолюттік межеге жетті.

Миссия барысында экипаж Ай бетін шамамен 4,000-7,000 миль биіктен жанай өтіп, бірнеше сағат бойы кратерлерді, ежелгі лава алқаптарын және геологиялық жарықтарды тікелей бақылап, фотоға тартып, құжатқа түсіреді. Осыдан кейін ғарыш кемесі қозғалтқыштарды қосымша пайдаланбай-ақ Жерге оралуға бағыт алмақ.

1 сәуірде ғарышқа самғаған "Артемида-2" – жарты ғасырдан астам уақыттан кейін Айды бетке алып адам алып ұшқан америкалық миссия. Экипаж құрамында NASA астронавттары Рид Уайзман, Виктор Гловер, Кристина Кох және Канаданың ғарыш агенттігі өкілі Джереми Хансен бар. Ғарыш сапары шамамен 10 күнге созылады деп жоспарланған.

"Артемида-2" – АҚШ-тың жаңа Ай бағдарламасының негізгі сынақ миссиясы. NASA Orion ғарыш кемесінің тіршілікті қамтамасыз ету, байланыс, навигация және ғарыштағы экипаж жұмысы жүйелерін тексеріп жатыр. Осы миссияның нәтижесі кейінгі Айға қону бағдарламасының болашағын айқындайды.

NASA "Артемида" бағдарламасы аясында келесі кезеңде астронавтарды Айдың оңтүстік тұсына қондырып, ұзақ мерзімді инфрақұрылым құруды, кейін бұл тәжірибені Марс миссияларына пайдалануды көздеп отыр.