Чехословакияда диссиденттерді қалай аңдыды? Құпия қызмет архивіндегі суреттер

Чехословакия ССР-і құпия қызметі түсірген сурет.

Бұл фотосуреттерді Чехословакия социалистік республикасы тұсында мемлекеттік қауіпсіздік қызметі агенттері қалтаға және сөмкеге жасырылған шағын камералармен түсірген. Архивте 1970-1980 жылдары жасырын түсірілген осындай мыңдаған фото сақталған.

Праганың орталық көшесінде келе жатқан әйел. Құпия қызмет архивіндегі фото.

Ер және әйел адам. Бұл фото қыс мезгілінде Прагадағы Ұлттық театр ғимаратының қасында түсірілген.

Прагадағы барда танысымен отырған адам даяшымен есеп айырысып жатыр.

1968 жылы тамызда СССР жетекшілік ететін Варшава келісімшарты күштері Чехословакияға әскер кіргізгеннен кейін бұл елде Кремльдегі билік "қалыпқа келтіру" деп атаған саясат жүргізілді. Чехословакия үкіметінің елде саяси реформа жасап, цензураны жою және сөз бостандығын жариялау жоспарына қарсы болған Совет одағы арнайы қызметтің көмегімен қоғамда саяси және идеологиялық қатаң бақылау орнатуды ұйғарды.

Көлемі небары 7,5 сантиметр болатын Mikroma фотоаппараты 1949 жылы Чехословакияда жасалды. Жергілікті арнайы қызмет оны жасырын суретке түсіруге пайдаланды.

Чехословакия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің агенттері өздері аңдыған диссиденттерді, коммунистік режимді мойындағысы келмейтін адамдарды сөмке мен киім қалтасына және басқадай жасырылған шағын камералармен суретке түсіріп, олардың "дұшпандық пиғылдағы" іс-әрекеттеріне "айғақтар" жинады.

2008 жылы жарық көрген "Арнайы қызмет объективіндегі Прага" кітабында жарияланған бұл суретте әріптесімен әңгімелесіп тұрған жазушы Милан Кундера (оң жақта) бейнеленген. Оларды көшенің арғы бетінде тұрған агент қолындағы портфельге жасырылған камерамен суретке түсіріп тұр.

Әлгі агенттің Милан Кундера мен танысын түсірген суреттен жазушының қасынан портфель ұстаған тағы бір "фотограф" өтіп бара жатқаны байқалады.

Бұл фотосуреттерден социалистік Чехословакияда диссиденттерді аңдудың бірер мысалын ғана байқауға болады. Аңдыған адамды сурет пен видеоға түсіру үшін агенттер небір қулыққа барған.

Мына бесік арбаға сол кезде аса мықты саналатын бейнекамерана жасырып, артынан аңду қойылғандарды түсіруге пайдаланған.

Жасырын бейнекамераны бесік арбаның алдыңғы жақ бұрышына бекіткен.

Камера объективі арбаның оң жағындағы "терезе" арқылы түсірген. Бесік арбаны ерлі-зайыпты болып киінген екі агент алып жүрген.

Пражский градтағы шіркеудің қасында сөйлесіп тұрған екі адамның жасырын камерамен түсірілген суреті.

Диссидент Вацлав Гавел (сол жақта) мойнына сәнді галстук байлаған інісі Иванмен бірге Канада елшілігінен шығып келе жатқан сәт. Жасырын камерамен түсірілген сурет.

Социалистік Чехословакиядағы оппозициялық топтармен тығыз байланыста болған канадалық саясаттанушы Гарольд Гордон Скиллинг осы елге келген кезде мемлекеттік қауіпсіздік қызметі агенттері одан көз жазбай басқан ізін аңдып жүретін.

Трамвай аялдамасында түсірілген сурет.

Қазір бұл суреттердің барлығы Прагадағы арнайы қызмет архивінде сақтаулы.

Прагадағы арнайы қызмет архивіндегі құжаттар.

Архивте "Аңду" деген атаумен сақтаулы тұрған папка.

Азаттық радиосы тілшісінің танысқан архив құжатында Тереза шешейдің (оң жақтан екінші) 1984 жылы Прагаға келген кездегі суреті бар екен. Ол туралы құжатта арнайы қызметке есімі әлемге әйгілі католик діндарын қарсы алуға кімдер келгенін білу маңызды болғаны айтылған.

Архивте дін қайраткерлері немесе қарапайым священниктер туралы жинақталған мәлімет көп. Мына суретте Прагадағы екі тақуа әйел бейнеленген.

Диссидент Алена Громадкованы "фотографтар" төрт тәулік бойы сыртынан сансыз мәрте суретке түсірген. Мына суретте Алена Прагадағы Вацлав алаңында келе жатыр.

Алена Громадкованы аңдығандар оның үстіндегі киіміне дейін бүге-шігесіне қалдырмай сипаттаған. 1984 жылғы 5 қаңтарда агент: "Ол теріден тігілген ақшыл бас киім, қошқыл түсті пальто, жасыл түсті шалбар мен ақ спорттық аяқ киім киіп, мойнына ұзын қара шарф байлап жүрді..." деп жазған.

Агенттер хабарламасы арнайы қызметтің артынан аңду қойылған азаматты әшкерелейтін қандай да бір дәйек табу үшін барын салғанын көрсетеді. Тіпті агенттердің бірі танымал чех музыкантының бірнеше саптыаяқ сыра ішкеннен кейін төлеген ақшасы көрсетілген түбіртекті де жымқырып алған. Хабарламасында әлгі музыканттың бардың алдында түнгі сағат 1:15 шамасында достарымен "қатты сөйлескенін", сосын "Май" әмбебап дүкені маңындағы дуалдың артына жас әйелмен бірге кіріп кеткенін..." жазған.

1968 жылға дейін Чехословакия сыртқы істер министрі болған Иржи Гаек (оң жақта) елге совет әскерін енгізуге қарсы шыққан.

Сөмке ұстаған мына белгісіз адамды Гаекпен кездескеннен кейін кетіп бара жатқан кезде сыртынан суретке түсірген.

Қауіпсіздік қызметі агенті мына бір әйелді Праганың орталығында жасырын камерамен дәл жанынан суретке түсірген.

Ал мына суреттегі қыз бала өздерін әлдекімнің жасырын суретке түсіріп тұрғанын байқап қалған тәрізді.

1980 жылдары Чехословакияда диссиденттерді түрмеге отырғызу сирей бастағанымен, сыртынан жиналған әлгіндей дерек-мәліметтер олардың өмірін қиындатқан. Оларды мамандығы бойынша еш жерде жұмысқа қабылдамаған, ал балалары жоғары білім ала алмай, түрлі тосқауылға кезіккен.

Кей суреттерде адамдардың өздерін суретке түсіріп жатыр ма деп секемденетіні байқалады.

Ал мына бір суретте артында аңду барын білетін адам өзін суретке жасырын түсірмекші болған агентті мазақтап өтіп барады.

Енді бір суреттерде агенттің жасырын камерасының объективіне адамдар емес, олар барған жердің көріністері түсіп қалған. Мына фото Прагадағы ескі еврей зиратында түсірілген.

Мына бір сурет Чехословакияда коммунистік режимнің іргесі сөгіле бастаған шақта Прагада түсірілген.

Вацлав Гавел (оң жақта) досы Иржи Динстбирмен әңгімелесіп тұр. Коммунистік билік екеуін ондаған жыл бойы қудалады. Гавел бірнеше жыл түрмеде отырды. Иржи Динстбирді 1968 жылы редакциядағы қызметінен қуғаннан кейін ол 20 жыл бойы вахтер болып жұмыс істеді. 1989 жылғы «барқыт революциясынан» кейін Иржи Динстбир сыртқы істер министрі болды, ал Вацлав Гавел Чехословакия президенті болып сайланды.

2003 жылы люстрация процесі кезінде Чехословакияда социалистік билік тұсында мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне жұмыс істеген 75 мың адамның тізімі жарияланды.