Әсел Жанасова премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі болып тағайындалды

Әсел Жанасова, премьер-министрдің орынбасары — көлік министрі, Ақорда фотосы

Қазақстан президентінің жарлығымен Әсел Жанасова премьер-министрдің орынбасары — көлік министрі болып тағайындалды. Ол былтырғы желтоқсаннан президент әкімшілігі басшысының орынбасары болған.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қызметінен босатылды. Ол бұл министрлікті 2025 жылғы маусымнан бері басқарған. Ол министрлікке келгенге дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарған еді.

Әсел Жанасова 1987 жылы Алматыда туған. "Болашақ" бағдарламасымен Кембридж университетінде компьютерлік ғылым саласында білім алған, 2014 жылы сол университет пен Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасын тәмамдаған.

Лондондағы қазақстандық ERG компаниясында ақпараттық технологиялар бөлімінде жұмыс істегеп, кейін Қазақстанға ауысты. Ресми өмірбаянына сүйенсек, Ұлттық банктің цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары (2014–2016), "Зерде" ұлттық холдингінің басқарма төрайымы (2016–2017), Астана халықаралық қаржы орталығында кеңесші және цифрлық технологиялар жөніндегі басқарушы директор (2017–2020), сауда және интеграция вице-министрі (2020–2022), "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы (2022–2025) сияқты қызметтер атқарған.

Әсел Жанасова 2025 жылдың маусымында президенттің кеңесшісі болып тағайындалған. Сол жылдың 10 желтоқсанынан бастап Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.