Әскерде қаза болған сарбаздардың ата-аналары әділ тергеуді талап етті

Марқұм сарбаз Алмас Шахимовтың анасы ИндираТұрғамбаева баспасөз жиыны кезінде. Алматы, 4 қараша 2026 жыл.

Әскерде қаза болған сегіз сарбаздың ата-анасы 4 қарашада Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, балаларының өлімін әділ тергеуді талап етті.

"Ұлымның иек тұсына екі рет оқ атылған. Екі оқтың арасы 5–6 минут. Ал қылмыстық іс үшінші жыл қатарынан “өз-өзіне қол жұмсау” бабы бойынша тергеліп жатыр. Бірақ бұған ешқандай дәлел жоқ. Керісінше, ұлымның өлтірілгенін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарым бар. Сараптама қорытындылары да бар. Мен ұлымның ғана емес, әскерде қаза болған басқа да балалардың істерін әділ қарауды сұраймын. Қазақстан әскерінде осындай жағдайлардың болып жатқаны өте өкінішті. Бізге әскер керек, бірақ мұндай емес. Ұлымның өліміне қатысты істі әділ тергеп, кінәлілерді жазалауды талап етемін" деді баспасөз жиыны кезінде әскерде қаза болған Қайсар Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенова.

Қаза болған сарбаздардың анасы сонымен бірге елдің қарулы күштерін жүйелі реформалау қажеттігін айтып, мұндай оқиғалар қайталанбауы керек деді.

"Біз, қаза болған сарбаздардың аналары, істерді ашуды, балаларымызды өлтіргендерді заңға сәйкес, жазалауды талап етеміз. Күресуден шаршадық. Кейбіріміз үш-төрт жылдан бері қабырғаға басымызды соғып келе жатқандаймыз. Қанша айтсақ та, дәлел келтірсек те, нәтиже жоқ. Сараптамаларды да өз ақшамызға жасатамыз. Енді не істерімізді білмей қалдық. Олармен күресуден шаршадық. Бірақ балаларымыз үшін соңына дейін барамыз" деді марқұм сарбаз Алмас Шахимовтың анасы ИндираТұрғамбаева.

Балаларынан айырылған ата-аналар әділ тергеуді талап етіп жүргенде, өздерінің де аңдуға ұшырап, қорқыту мен қоқан-лоқы көріп жүргенін мәлімдеді.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында жиын өтіп жатқанда жарық бірнеше рет сөніп, ата-аналардың мәлімдемелері бірнеше рет үзілді. Белсенді аналар мұны қасақана жасалған кедергі деп санайды.

Бұған қоса, жиын өтіп жатқанда ғимарат алдында полиция қызметкерлері жүрді. Жиынға үш ана келді, тағы бесеуі Zoom арқылы қосылды. Тағы бір сарбаздың ата-анасы жазбаша талабын жолдап, оны жиында оқып берді. Бәрі ұлдарының өліміне қатысты тергеу әділ өтпеді деп есептейді. Кейбір істерде өлім суицид немесе жазатайым оқиға деп тіркелген. Бірақ аналар балалары адам қолынан қаза болуы мүмкін деп күдіктенеді. Олар істі әділ тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды және сотты ашық өткізуді талап етті.

Бұл ата-аналардың мәселесін 29 қазанда Қорғаныс министрі де қабылдап, тыңдаған. Министр он шақты ата-ананың әрқайсысымен жеке кездесіп, істерін бөлек қарауға уәде берген. Алайда әзірге олардың тек екеуі ғана министрлікке шақырылып, жеке сөйлескен. Қалғандары жеке кездесуді күтіп жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Адвокат Сержан Пірәлиев: Әскери салаға толық ашықтық керекЖамбыл облысында сарбаздың өліміне қатысты тергеу аяқталды: рота командирі сотталмақ"Әскердегі әлімжеттік ісін сотқа жеткізу өте қиын". Инга Иманбаймен сұхбат"Өзін атты дегенге сенбеймін". Әскери оқуда жүріп ауыр жараланған Ұлан Мұсаевтың тағдыры"Денелі бала еді, шыбықтай болып қалған". Түркістан облысында әскерде қаза болған сарбазды жерледі