Әскерде жарақат алған Ербаян Мұхтар көз жұмды

Kazakhstan – Sanaviation employees take Yerbayan Mukhtar to the airport. Astana, September 27, 2024.

Қазақстан қарулы күштері қатарында міндетті борышын өтеп жүргенде жұмбақ жағдайда қатты жарақат алған Ербаян Мұхтар 23 маусымда түнде көз жұмды. Бұл жөнінде заңгер Инга Иманбай хабарлады.

“Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Бұл жазба қоштасу үшін ғана емес. Өйткені Ербаян осы екі жыл ішінде өзінің өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселелер ашық айтыла бастады. Бұрын үнсіз қалған ата-аналар сөйледі. Қоғам талап қоя бастады. Мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды. Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз. Қош бол, батыр Ербаян” деп жазды Инга Иманбай.

Бұған дейін Instagram-дағы erbayan2024 парақшасы мамырдың соңында Ербаян Мұхтардың жағдайы нашарлап, Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ауруханасына жатқызылғанын хабарлаған еді. Сәрсенбіге қараған түні желіде марқұмның туыстарының аталған аурухана қызметкерлеріне қатысты айтқан шағымы туралы видео тарады. Жақындарының бірі Наурызбай Сәкібаев masa.media сайтына берген сұхбатында пневмониямен ауырған Ербаянның “жүрегі соғып тұрғанына қарамастан” аппараттан суырып тастағанын, оның мойнындағы "пластик трубканың іріңдеп кеткенін" айтқан.

24 маусымда денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірге марқұмның туыстарына көңіл айтып, мәлімдеме таратты.

Ведомство “дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрескенін” айтып, “алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады” деп мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, “қарқынды терапияға қарамастан” науқастың өмірлік маңызды көрсеткіштері "біртіндеп нашарлаған".

“2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды” деп жазылған министрліктің хабарламасында.

Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен.

Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.

Төрт айдай ес-түссіз жатып, Ербаян 2024 жылы мамырда оянған. Бұған дейін оның Түркияда ем алғаны хабарланған еді. Ербаянның атынан аккаунт ашылып, жұрт оның еміне ақша жинаған. Ербаянның еміне 230 млн теңге (480 мың АҚШ доллары) жиналған деп айтылады.

2024 жылы маусымда бас әскери прокуратура "Әскери қызметкерлер арасындағы жарғылық қағидалардың бұзылуы" бабы (440-бап) бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Ұлттық гвардия өкілдері тергеудің барысын ішкі істер министрлігінің әскери тергеу департаментінің басшылығы бақылауда ұстап отырғанын айтқан.

Биыл маусымның ортасында ішкі істер министрлігі жергілікті БАҚ-қа Ербаян Мұхтардың әскери бөлімде жарақат алуына байланысты іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатқанын айтқан еді.

Оның жарақаттануына қатысты әлі күнге дейін қандай да бір күдікті анықталғаны немесе ұсталғаны немесе жазаға тартылғаны жайлы ақпарат шыққан жоқ.

Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиіледі. Әскердегі әлімжеттік, міндетті әскери қызметке алынған жас азаматтардың қауіпсіздігі – қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі.

Әскери бөлімше басшылығы сарбаз өлімін көбіне суицидпен, оның денсаулық жағдайымен я отбасындағы әлдебір жайтпен байланыстырады. Бірақ марқұм болған и мертіккен сарбаздардың туыстары оған келіспей, әділ тергеу жүргізуді, оқиғаның шынайы себебін анықтауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

Ұлттық ұлан Ішкі істер министрлігіне (ІІМ) қарайды. Ол қарулы күштердің құрамына емес, ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді. Әскерге алынғандар қарулы күштермен қатар Ұлттық ұланда да әскери борышты өтейді. Қоғамда "әскердегі өлім" мәселесі талқыланған кезде көп жағдайда қарулы күштер немесе Ұлттық ұлан деп жіктеп жатпайды.

Қаңтардың аяғында Қазақстанның қорғаныс министрлігі "әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінетінін" айтып, министр Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша, әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды деп хабарлаған еді.

Қорғаныс министрлігі Азаттыққа 2024-2025 жылдары 88 әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады. Оның 25 өз-өзіне қол салған. Суицид жасағандардың бесеуі – қатардағы сарбаз. Ресми дерекке қарағанда, өлім-жітімге жол-көлік оқиғалары, әуе апаты, сырқаттану негізгі себеп ретінде көрсетілген.