Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды: «Қызметке салғырт қарау» (453-бабының 2-бөлігі) және «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» (465-бабы). Бұл жөнінде Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.
Облыста іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Мамандар су ағызып кеткен екі әскери қызметкерді іздеп жатыр.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қаза болғандардың басым бөлігі – Маңғыстау облысынан. Кейбіріне әскерді бітіруіне санаулы күндер ғана қалған. Кейбірінің тойы да белгіленіп қойған.
Құтқарылған бір әскери қызметкердің жағдайы тәуірлеген, дәрігерлер оның өміріне қауіп жоғын айтты.
24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты желде 17 әскери қызметкерді су ағызып әкеткен. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, кемінде 12 сарбаз қаза болды. Үш сарбаз құтқарылған, біреуі ауруханаға жатқызылды. Қазір екеуі іздестіріліп жатыр. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекте елде азалы күн жарияланды.