Астанада Ақаба процесінің жиыны өтіп жатыр

Ақаба процесі саммитіне қатыстушы делегаттар. Астана, 6 қараша, 2026 жыл.

Астанада Ақаба процесінің "Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік" тақырыбына арналған саммиті өтіп жатыр.

Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек Иордания королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев және басқа да елдердің жоғары лауазымды делегациялары қатысып жатыр.

Бұл – мемлекет басшылары, арнаулы қызметтер, әскери ведомстволар мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері сын-қатерге ортақ баға беріп, оларға қарсы нақты шараларды келісу үшін бір үстелге жинайтын формат.

Ақаба процесін Иордания королі II Абдалла 2015 жылы құрған. Араб тіліндегі ресми атауы – "Ақаба кездесулері бастамасы". Мақсаты – терроризмге қарсы күресте жаһандағы әртүрлі тараптар арасындағы қауіпсіздік және әскери саладағы әрекеттерді үйлестіріп, ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу.

Бастаманың атауы Қызыл теңіз жағасындағы Ақаба қаласынан шыққан. Алғашқы кездесулер сонда өткен, корольдің сол қалада сарайы бар.

Ұйымның тұрақты құрылымы, жарғысы, хатшылығы жоқ. Бұл – саммит пен сараптамалық кеңестің ортасындағы формат. Қатысушылар ашық сөйлесуі үшін талқы бейресми жағдайда жүреді. Мысалы, 2025 жылғы Рим кездесуіне Терроризмге қарсы жаһандық форум, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, НАТО, Еуропалық одақ және Интерпол өкілдері қатысқан. Ал Шығыс Африка раундына "Терроризмге қарсы жаһандық интернет-форумы" ат салысқан. Бұл - 2017 жылы Facebook (қазіргі Meta), Microsoft, Twitter (қазіргі X) және YouTube құрған ұйым. Ол компаниялар платформаларынан террористік контентті анықтап, өшіруге көмектеседі.

Иордания басшылығының айтуынша, бұл формат терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің әскери, қауіпсіздік және идеологиялық қырларын бірге қамтиды.

Аймақтар бойынша раундтар

Әр кездесу белгілі бір аймаққа арналады. Бұрынғы раундтар Балқан, Шығыс Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы, Батыс Африка аймақтарына бағытталған. Кездесулер Иорданиядан тыс жерде де өтіп тұрады.

Еуропадағы кездесулер:

  • Испанияның Кордова қаласы, 2023 жылғы маусым. Абдолла II мен Испания королі Фелипе VI Батыс Африка мен Сахелге арналған раундқа бірге төрағалық еткен.
  • Болгарияның астанасы София, 2025 жылғы сәуір. ІІ Абдалла мен Болгария президенті Румен Радев өткізген "Балқан III" форумы. Бұған дейін Балқанға арналған кездесулер 2016 жылы Ақабада және 2018 жылы Албанияның астанасы Тиранада болған.
  • Рим, 2025 жылғы қазан. ІІ Абдалла мен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Батыс Африкаға арналған раундты бірге басқарған.

Соңғы кездері форумның тақырып аясы терроризмнен де кеңейе түсті. 2026 жылғы ақпанда Ұлыбританияның Сандхерст корольдік әскери академиясында өткен раунд әуе кеңістігін басқаруға және дрондарды пайдалануға арналды. Онда заңнаманы ұшқышсыз ұшу аппараттарының технологиясына сәйкестендіру мәселесі де қаралды.

Ақаба процесі саммитінде тұрған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Иордания королі ІІ Абдалла. Астана, 6 қараша, 2026 жыл.

Орталық Азиядағы алғашқы жиын

Орталық Азия елдері бұл процеске 2025 жылдан бастап араласа бастады. Мысырдың "Әд-Дустур" басылымы жазғандай, Рим кездесуі кезінде II Абдалла Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы істер министрлерімен жеке кездескен. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, министр Ермек Көшербаев Иордания короліне Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын тапсырып, Қазақстанның Ақаба процесін толық қолдайтынын жеткізген. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2025 жылғы тамызда кезекті сессияның бірін Самарқанда өткізуді ұсынған.

Бүгін Астанада өтіп жатқан саммит – Орталық Азиядағы алғашқы Ақаба кездесуі. Жиында жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланып жатыр.