Астанадағы мекемелердің бірінде өнер көрсеткен стендап-комик былапыт сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жөнінде Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Соттың хабарлауынша, 7 қарашада Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Қ. есімді азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша істі қараған.
Соттың айтуынша, ол қаладағы мекемелердің бірінде стендап қойылымы кезінде “көрермендердің алдында былапыт сөз айтып, айналасындағыларды құрметтемеген және қоғамдық тәртіпті бұзған”.
Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан. Ол айыппұлмен шектелуді сұрап, мұндай әрекетті қайталамауға уәде берген. Қорғаушысы да оны қолдаған.
Сот істің мән-жайын, жауапкердің айыпты мойындағанын ескеріп, 20 АЕК, яғни 86 500 теңге айыппұл салды.
Сот қаулысы әзірге, заңды күшіне енген жоқ. Қазақстанда осыған ұқсас оқиғалар бұған дейін де болған. 2024 жылы жазда “балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін” стендап-комик Александр Меркуль 10 күнге қамалған еді. Оның алдында Алматы соты стэндапер Нұрасхан Басқожаевты әзіліне бейпіл сөз араластырғаны үшін 15 күнге қамаған. Комиктің әріптестері "оны саясат пен жемқорлықты жиі әжуалағанына бола жазалады" деп санайды.