Астанада екі адамның өмірін қиған жол апатына қатысты айыпталған жүргізуші 5 жыл түрмеге кесілді

Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Астанада екі адамның өмірін қиған ауыр жол апатына қатысты айыпталған жүргізуші 5 жыл түрмеге кесілді. Үкім 9 маусымда оқылды.

Соттың мәліметінше, биыл 29 қаңтарда ер адам Түркістан көшесі жақтан Бауыржан Момышұлы даңғылына қарай жүріп бара жатқан шақта рульге ие бола алмай, қарсы бетке өтіп кеткен. Осылайша басқа көлікке соқтығысқан.

Жол апатынан екі жолаушы қаза болды. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойнына алып, өкінген.

Сот ер адамның қаза болғандардың туыстарының “барлық шығынын өтеп”, жәбірленушілердің оны “кешіргенін” де ескерген. Жағдайды ауырлататын жайт анықталмаған.

Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырып, 7 жылға көлік айдау құқығынан айырған. Үкім әлі күшіне енбеді.

Қазір Қазақстанда резонансты тағы бір жол апатына қатысты сот өтіп жатыр. Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әл-Фараби даңғылы бойында үш адамның өліміне себеп болған жол апатына байланысты іс бойынша сот жалғасып жатыр. Бір күн бұрын жол апатынан қаза болған үшінші адамның да туыстары сотталушыны кешіргені белгілі болды.

Айыптау құжаттарына сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак биыл 21 наурызға қараған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X автокөлігін Алматының Әл-Фараби даңғылымен батыс жаққа қатты жылдамдықпен айдап бара жатқан кезде жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 жеңіл көлігімен соқтығысқан.

Салдарынан Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі және екі жолаушы – Еламан Тілемісов, Құмар Теңеубаева мен Томирис Қыдырбек – оқиға орнында қаза тапқан.

Тергеу мәліметтері бойынша, Пак жол ережесін бірнеше рет бұзып, қала ішіндегі жолда көлікті сағатына 200 шақырымнан асатын жылдамдықпен айдаған. Апаттан кейін жүргізілген медициналық сараптама Пактың қанында 1,3 промилле алкоголь барын анықтаған.

Үш адамның өмірін жалмаған көлік апаты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналды. Әлеуметтік желі қолданушылар оны қызу талқылап, оған ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал деген болжамдар айтылды және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.

Қоғам қысымы күшейген соң, ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген.