14 шілде күні Қазақстан астанасында ауа температурасы +38,6°C-қа жеткен. Осы шамадағы ауа температурасы бұған дейін 1992 жылы дәл осы күні тіркелген деп хабарлады ауа райын болжайтын Қазгидромет республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
Оның мәліметі бойынша, ол кезде ауа температурасы Цельсий бағанымен +35,3 градусқа дейін көтерілген.
Мұның алдында Астанада биыл 23 маусымда ауа температурасы кейінгі 85 жылдағы рекорд жаңартып, +36,8 градус болған еді.
Ауа райын болжайтын мамандар осы аптаның екінші жартысында елдің оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы +41-46 градуске дейін жетеді деп ескертті.
Аптап кезінде тұрғындар медициналық көмекке жиі жүгіне бастаған. Алматыда шілденің алғашқы екі аптасында тұрғындар медициналық жедел жәрдем қызметін 33,6 мыңнан астам рет шақырған деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы. Оның 1,5 мыңға жуығы қан қысымы көтерілгеніне, 300-ден астамы жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты болған. Мидағы қан айналымы сыр берген 50 шақты адам шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген.
Мамандар күндіз сағат 11:00 мен 17:00 аралығында күн астында ұзақ жүрмеуге, сыртқа шыққанда табиғи матадан тігілген жеңіл киім мен бас киім киіп, күннен қорғайтын көзілдірік тағып жүруге кеңес береді.
Дәрігерлер ыстық күндері жеткілікті мөлшерде су ішіп (денсаулығы қалыпты ересек адамға күн барысында кемінде екі литр), алкоголь, газдалған тәтті сусын мен кофе ішуден тартынған жөн дейді.