Астанада көпқабатты үйде шыққан өрт салдарынан үш бала мерт болды

Көрнекі сурет

12 сәуірге қараған түні Астананың Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шығып, салдарынан кәмелетке толмаған үш бала қаза тапқан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел құтқарылып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды", деп жазылған ТЖМ ақпаратында.

Министрлік мәліметінше, өрт шыққан биік үйдің жоғарғы қабаттарынан жиырма адам эвакуацияланған, 40 шақты адам сыртқа өздері шыққан.

Өрт толығымен сөндірілді, оттың тұтануына не себеп болғаны анықталып жатыр, деді ТЖМ.

Астананың полиция департаменті үш баланың қазасына әкелген өртке байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.