Астана қаласындағы түнгі клубтардың бірінің маңында төбелес болып, салдарынан 18 жастағы жігіт қаза тапқаны жөнінде ақпарат әлеуметтік желіде тарап жатыр. Бұл туралы Tengrinews сайты жазды.
Желі қолданушылар Threads платформасында "мекеме маңында жас жігітті пышақтап кеткен" деген мазмұнда пікірлер жазған.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі басылым сауалына берген жауабында бұл оқиғаға байланысты кісі өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын айтқан.
"Түнгі мекемелердің бірінің маңында жастар сөзге келіп қалып, соңы төбелеске ұласқаны анықталды. Салдарынан 18 жастағы азамат алған жарақат салдарынан көз жұмды", – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Полиция мәліметінше, бұл қылмысқа күдікті екі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Олардың туыстарынан я қорғаушыларынан әзірге пікір алу мүмкін болмаған.
Оқиғаның өзге мән-жайы әзірге жарияланған жоқ. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Астанада түнгі клубта болған тағы бір оқиға салдарынан 19 жастағы жігіт қаза болған еді. Кейінірек марқұмның әпкесі бейнебақылау камерасынан алынған жазбаны жариялаған.