Астанада тыңшылық күдігімен өзбек профессоры Икболжон Корабоев қамауға алынды. Бұл жөнінде ғалымның туыстарына сүйенген BBC-дің Өзбек қызметі жазды. Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынас пәнінен дәріс оқыған.
Әндіжанда туған 46-жастағы Икболжон Корабоев әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен Астанада тұрады. Туыстарының BBC-ге айтуынша, профессор тыңшылық – Қылмыстық кодекстің 176-бабымен күдікке ілініп отыр.
"3 шілдеде жәй киім киген бірнеше адам Астанадағы үйіне барып, оның тыңшылық бойынша күдікке ілінгенін айтып, алып кетті" деді аты-жөнін айтпаған туысы.
Оны үйінен әкеткен кезде ондағылар ғалымның Өзбекстанның Астанадағы консулдығы қызметкеріне ақпарат берген болуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ іс жөнінде ақпарат жоқтың қасы.
BBC Өзбекстан бас прокуратурасы, ІІМ, СІМ және Өзбекстанның Қазақстандағы консулдығынан жауап ала алмаған. Ол істейтін университет те жауап бермеген. Корабоев аға ғылыми қызметкер болып істейтін Бельгиядағы Аймақтық интеграцияның салыстырмалы зерттеулер институты да алаңдаушылық білдіргенмен ресми мәлімдеме таратпаған. Корабоевтың Астанадағы Нәрікбаев университетіндегі әріптестері BBC-ге жауап беруге құлық танытпаған, кейбірі аты-жөндерін атамауды өтінген.
BBC-дің жазуынша, Корабоев сәуір айында жазып, бірақ әлі жарияланбаған ғылыми жұмысында Қазақстан мен Өзбекстанның маңызды минерал ресурстарына құқықтық, саяси және стратегиялық талдау жасаған. Ғалымның сөзінше, ондағы ақпараттың барлығы ашық дереккөздерден алынған.
2024 жылдың қазан айында профессор «Маңызды шикізат ресурстары Орталық Азияның геоэкономикалық орталығының жаңа тірегі ретінде» атты мақаласын ұсынған. Мақалада өзгелермен қатар Қытайдың өркендеуі, пандемияға байланысты туындаған маңызды тізбектер және Украинадағы соғыс жағдайында Орталық Азияның маңызды шикізатына, соның ішінде сирек кездесетін жер элементтеріне халықаралық қауымдастықтың қызығушылық артуы туралы жазған.
BBC-дің жазуынша, қазіргі кезде Икболжон Корабоевқа ешқандай заңгерлік көмек берілмей отыр.
Туыстарының айтуынша, мемлекет тағайындаған адвокат "келіп, үн-түнсіз кеткен". Олар жеке адвокат жалдаған. Бірақ қазіргі адвокат өздері қорғап отырған азаматқа кіре алмай отыр. Іс мемлекеттік құпия жайттарға қатысты болғандықтан оған кіру үшін Қазақстан ҰҚК рұқсаты керек. Ал комитет рұқсат қағазын беруді созып отыр.
Профессордың Қазақстаннан тыс жерде тұратын әріптесі BBC-ге профессордың сыртқы саясатта дипломаттармен, саясаткерлермен және сарапшылармен байланысы тығыз болғандықтан ҰҚК оны қауіп ретінде қарастыруы мүмкін деген.
"Дипломаттармен тұрақты байланыс мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің күдігін туғызуы ықтимал. Дипломаттармен кездесу кезінде ресми мәлімдемелерде көрсетілмеген мәселелер жиі қозғалады, яғни олар хаттамадан тыс талқыланады, ал мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мұндай ақпаратты ұлттық мүдде немесе қауіпсіздік тұрғысынан нәзік нәрсе деп санауы мүмкін" деді ол.
Икболжон Корабоев Ташкент халықаралық экономика және дипломатия университетін "халықаралық қатынас" мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан кейін Франциядағы Монпелье университетінде халықаралық құқық және Еуропа құқығы бойынша екі магистр дәрежесін алған. Кейін Францияның Тулуз университетінде халықаралық қоғамдық құқық бойынша докторлық дәрежесін қорғаған. Қазақстанға барғанға дейін сол елде сабақ берген.