ҰҚК өз қызметкері Астанада өлі табылғанын растады

Дүйсенбі күні Астанада Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері белгісіз жағдайда қаза болған. Бұл хабарды ҰҚК растады.

"Биыл 21 сәуірде Астана қаласындағы тұрғын үй кешенінің ауласынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің мәйіті табылды. Полиция органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Болған оқиғаның мән-жайы нақтылануда", – деген қысқа хабар жариялады ҰҚК баспасөз қызметі.

ҰҚК қайтыс болған қызметкері кім болғаны, марқұмды кім, қай кезде тауып алғаны жөнінде ешқандай ақпарат берген жоқ.

Бұған дейін ҚазТАГ агенттігі Астанада ҰҚК-нің сыртқы барлау (Сырбар) қызметінде жоғарғы лауазым атқарған 42 жастағы ер адамның қазасы тексеріліп жатыр, ол жоғарғы қабатында өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан дүйсенбі күні таңсәріде өлі табылған деп хабарлаған.