Атырау облысы Қызыл қоға ауданы Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл жөнінде "Ақ Жайық" жазды.
"Жангелдин ауылындағы бір отбасының өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бас күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін мойындады және қазіргі кезде Атыраудағы тергеу изоляторында сотты күтіп жатыр" деп жазылған сайтта.
Дереккөздерге сүйенген сайттың жазуынша, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен танысқан.
Сайттың жазуынша, Сәрсемәлиевке "Адам өлтіру" бабы (99-бап, 2-бөлігі, 1-тармағы) бойынша айып тағылған. Тергеу аясында "Ұрлық" және "Алаяқтық" баптары бойынша да қылмыстық істер тіркелген.
Былтыр жылдың соңында Жангелдин ауылында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені хабарланған еді. 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіті үйлерінің сарайынан табылып, 8 қаңтарда Жангелдин ауылында жер қойнына тапсырылды. Сол кезде ерлі-зайыптының өліміне отбасының күйеубаласы 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев күдікке ілінгені белгілі болды.
Ақпан айының соңында ерлі-зайыптының өліміне күдікті Индонезияда ұсталғаны хабарланды. Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеу жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған. Ізінше олар Қазақстанға экстрадицияланған.
Наурыз басында ерлі-зайыптының екі баласы да өлі күйде табылды.
Атырау облыстық прокуратурасы бұған дейін психологиялық-психиатриялық сараптама Сұлтан Сәрсемәлиевтің "ақыл-есі дұрыс" деген қорытындыға келгенін айтқан.