Атырауда далалық жаттығу кезінде бір сарбаз қаза болды

Атырау гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде далалық жаттығу кезінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қаза болды. Бұл жөнінде гарнизонның баспасөз қызметі хабарлады.

"12 наурызда Атырау гарнизонындағы әскери бөлімшеде жоспарлы далалық жаттығу кезінде мерзімді қызмет әскери қызметшісі оқ тиіп жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға қаруды абайсыз ұстаудан туындауы мүмкін" деп жазылған хабарламада.

Сарбаз дереу медициналық мекемеге жеткізілген, алайда дәрігерлер оны құтқара алмаған.

Сарбаздың отбасына заңнамаға сай тиісті көмек көрсетілетіні хабарланды.

Сарбаздың өліміне қатысты ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.

Оқиға орнына қорғаныс министрінің орынбасары жетекшілік ететін арнайы комиссия жіберілген. Тергеудің барысын бас әскери прокуратура бақылауында деп айтылады.

Қазақстанда сарбаздар мен әскери қызметкерлердің өлімі жиіледі. Қаңтардың аяғында Қазақстанның қорғаныс министрлігі "әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінетінін" айтып, министр Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша, әскердегі қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды деп хабарлаған еді.

Қорғаныс министрлігі Азаттыққа Қазақстанда 2024-2025 жылдары 88 әскери қызметкер қаза тапқанын, оның 25-і өзіне қол салғанын хабарлады. Суицид жасағандардың бесеуі – қатардағы жауынгер. Ресми деректе әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітімге жол-көлік оқиғалары, әуе апаты, ауру-сырқау негізгі себеп ретінде көрсетілген.