Axios: Трамп жеке әңгімеде Украина бойынша келіссөзден шығуы мүмкін екенін айтты

Марко Рубио мен Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше күн бұрын мемлекеттік хатшы Марко Рубио, арнайы уәкіл Стив Уиткофф және өзге де кеңесшілермен жеке әңгімеде егер ешқандай ілгерілеушілік байқалмаса, Вашингтон Украина бойынша келіссөзден шығуы мүмкін екенін айтқан. Бұл жөнінде Axios жазды.

Дегенмен келіссөз әлі жүріп жатыр. Америка жағы Парижде ұзақмерзімді әрі тұрақты бейбітшілікті орнатуға бағытталған ұсыныстарды таныстырған.

Осы кездесуден кейін Рубио егер бірнеше күнде тараптардың бітімге келетін ыңғайы байқалмаса, АҚШ араағайындықтан бас тартады деп айтқан.

Мәскеудегілер келіссөздің "күрделі өтіп жатқанын" растады. Кремльдің өкілі Дмитрий Песков бітімге келу мәселесі оңай емес екенін, бірақ Ресей диалогқа дайын екенін айтты. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты уәкілі Василий Небензя өз кезегінде қазіргідей шарттармен атысты тоқтату мүмкін екенін жеткізді.

Трамптың өзі келіссөзден бас тарту мерзімі әлі белгіленбегенін, бірақ АҚШ мұны тез арада жасағысы келетінін атап өткен.

Сайлауалды кампаниясы кезінде Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты қысқа уақыт аралығында бітіре алатынын айтқан. АҚШ президенті өзіне дейін елді басқарған Джо Байденді Украинада соғыстың басталуына жол берді деп айыптаған еді.