АҚШ орталық барлау қызметінің (ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф Мәскеуге сапары кезінде АҚШ, Украина және Ресей басшыларының үшжақты кездесуін өткізуді ұсынды. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Axios жазды.
Ақпарат агенттігі дереккөздерінің айтуынша, Рэтклиффтің сапары бір жағынан Ресей арнайы қызметінің басшылығы Владимир Путинді АҚШ-тың көмегімен – Украинамен келіссөзді жандандыруға көндіруге көмектесе ала ма, соны анықтауды көздеген.
Дереккөздердің айтуынша, ЦРУ-дың басшысы ФСБ жетекшісі Александр Бортников "дипломатиялық талпынысты жандандыруға қабілетті конструктивті ойыншы" деген қорытындыға келген.
Ақпаратқа қарағанда, жұма күні Вашингтон сонымен бірге Владимир Зеленскийге Мәскеудегі келіссөз бен Рэтклиффтің үшжақты кездесу өткізу туралы ұсынысы жөнінде хабар берген. 28 тамызда Украина басшысы Киев Мәскеудегі кездесуден ақпарат алғанын жазды, бірақ жай-жапсарын айтпады.
Бұған дейін The New York Times басылымы дереккөздерге сүйене отырып, Бортниковпен кездесу кезінде ЦРУ директоры Ресейдің Украинаға қарсы соғысы жөнінде пікір білдіріп, жағдайдың күрделі екенін, Мәскеуге соғысты аяқтау бойынша келіссөзге келетін мезгіл жеткенінін айтты деп жазған еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Рэтклиффтің Мәскеуге баруын “әдеттегі сапар” деп атаған. Оның сөзінше, басты тақырып Украина болған. Трамп АҚШ соғысты аяқтауға күш салатынын тағы қайталап, Ресей мен Украина басшыларының да қалағаны осы деген.
Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Путиннің Рэтклиффпен кездеспегенін айтып, оның сапарын екі елдің “арнайы қызметтері арасындағы байланыспен” түсіндірген.
- 25 тамызда ЦРУ басшысы Джон Рэтклифф Мәскеуге барып, бірнеше сағат болған. Оның сапары алдын ала хабарланбады. Басылымдар оның Мәскеуге сапарының мақсатын түрліше болжады. Арасында Ресейдегі ықтимал мобилизация, Украинаның Ресей аумағына шабуылын үдетуі, Иранмен соғыс және Мәскеудің НАТО елдеріне қарсы ықтимал арандату әрекеттері де бар.