Axios: Зеленский жылдың соңына дейін соғыс аяқталады деп үміттенеді

Владимир Зеленский

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон әңгімеде соғысты мүмкіндігінше тезірек бітіруге қол жеткізгісі келетінін айтты. Бұл жөнінде Украина шенеунігі мен өзге де дереккөздерге сүйенген Axios жазды.

Басылым дереккөзінің айтуынша, Зеленский әңгіме барысында соғыс биыл жылдың соңына дейін аяқталып қалар деп үміттенетінін жеткізген.

Трамп соғыстың тым созылып кеткенін алға тартып, соғыс бір айдан кейін аяқталғанын қалайтынын айтқан.

Екі басшы телефон арқылы 25 ақпанда сөйлескен және әңгіме шамамен 30 минутқа созылған. Axios-тың жазуынша, әңгіме достық ниетте, оң сарында өткен. Украина шенеунігі мен тағы бір дереккөздің айтуынша, Зеленский Трампқа көрсеткен көмегі үшін алғыс айтып, АҚШ қана Кремльді соғысты тоқтатуға мәжбүрлей алады деген.

Украиналық шенеунік сонымен қатар басылымға Америка президентінің АҚШ-тың бейбітшілік келісімінің бөлігі ретінде Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын екенін растағанын айтты.

Зеленский Трамппен әңгімеден соң бейбітшілік келіссөз аясында үшжақты келіссөз наурыздың басында болады деп жазды.

Оның сөзінше, телефон әңгімеге сонымен бірге Трамптың өкілдері Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер де қатысқан.

26 ақпанда Женевада Украина және Америка делегациялары екіжақты кездесу өткізеді.

"Бұл кездесу басшылар деңгейіндегі келіссөздерге көшуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Президент Трамп бұл қадамдарды қолдайды. Барлық күрделі және сезімтал мәселелерді шешудің және ақырында соғысты тоқтатудың жалғыз жолы" деп жазды Зеленский.

Биыл үш рет үшжақты келіссөз өтті: екеуі Абу-Дабиде, бірі 17-18 ақпанда Женевада өткен. Тараптар ілгерілеушілік барын айтқан, бірақ әлі шешілмеген көптеген мәселе барын айтқан. Соғыс жалғасып жатыр, Ресей атысты тоқтату туралы ұсыныстан бас тартқан.