Азаттық радиосы тілшілерінің аккредитациясы бойынша СІМ-мен келісімге келді

Азат Еуропа/ Азаттық радиосының Прагадағы бас кеңсесі.

Азаттық радиосы Қазақстан сыртқы істер министрлігімен тілшілерінің аккредитациясы бойынша медиациялық келісімге келді. Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Г.Төлеуханова бұл жөнінде 5 мамырда шешім шығарды.

Сотта Азаттық мүддесін "Медиа қолдау", "Құқықтық медиаорталық" және Tokayeva&Partners адвокат кеңсесі қорғады.

"[Медиация келісімі бойынша] талқы екі айдай жүрді. Журналистердің құқықтарын қорғаушы ұйым ретінде және Азаттықтың [істегі] өкілі ретінде бұл – Азаттық радиосы журналистерінің көп бөлігі жұмысына қайтып оралуы үшін компромисс әрі лайықты шешім болды деп санаймыз", – деді "Құқықтық медиаорталық" заңгері Гүлмира Біржанова.

"Азаттық радиосының басында аккредитация мәселесі бірінші жыл болып жатқан жоқ. Қол қойылған медиациялық келісім ұзаққа созылады, ал Азаттық радиосы Қазақстанда қалыпты әрі еркін жұмыс істейді деп үміттенеміз", – деді Гүлмира Біржанова.

Министрлік Азаттық журналистері аккредитациясы болмаса да жұмыс істеп, заң талаптарын бұзды деген. Ал Азаттық аккредитация беру туралы өтінішті уақытында берсе де, оны қарау мерзімін ведомствоның өзі негізсіз ұзартқанын айтқан.

2025 жылы 20 тамызда Астана соты сыртқы істер министрлігінің журналистердің бір бөлігіне аккредитация бермеу шешімін заңды деп тапқан, 2026 жылы 14 қаңтарда апелляциялық сот бұл ұйғарымды қолдаған. Кейін екі тарап өкілдері медиациялық келісімге келу жайын талқылай бастаған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Азаттық тілшілерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған.