Апелляциялық сот: Азаттық тілшілеріне аккредитация бермеу туралы шешім өзгермеді

14 қаңтарда Астананың әкімшілік сотының апелляциялық алқасы Азаттықтың 7 тілшісінің аккредитациясына қатысты бірінші инстанцияда шыққан шешімді өзгертпеді.

Былтыр 20 тамызда сот Азаттық радиосының жеті журналисіне аккредитация беруден бас тартқан Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің шешімін заңды деп таныған еді. Бұл шешімге келіспеген Азаттық шешімді апелляцияға берген.

Істі судьялар Әбдірахманова, Қасымова, Шаяхметовадан құралған сот алқасы қарады.

Бүгін таңертеңгі сот отырысында адвокат Лилия Гафарова Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық тілшілерінің аккредитация мерзімін уақытында қарамай, осылайша әуелі олардың "аккредитациясыз" жұмыс істеуіне жағдай жасады, ізінше "аккредитациясыз жұмыс істеді" деп айыптап, Конституцияда жазылған жұмыс істеу құқығынан айырды деп мәлімдеді.

"Біз мұны (аккредитациясыз жұмыс істеу – ред.) заң бұзушылық деп санамаймыз. Себебі журналистердің мақалаларының өзінде қандай да бір дұрыс емес, жалған деректер жоқ. Бұған қоса, Азаттықтың өзінде Қазақстанда жұмыс істеу аккредитациясы бар. Олардың қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Сонда адамдар екі айға келісімшартты бұзып, аккредитацияны күтіп, жұмыссыз қалуы керек пе? Яғни, СІМ тудырып отырған жағдай шағым берушінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтіріп отыр" деді Лилия Гафарова.

Сот отырысы кезінде шетел журналисі деген ұғымның да заңнамада бұлыңғыр жазылғаны келтіріліп, Азаттық тілшілерінің барлығы Қазақстан азаматтары екені айтылды. "Құқықтық медиа орталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова Азаттық радиосы Қазақстанда 1993 жылы ресми түрде тіркелген және аккредитацияланғанын айтып, елде тұтас Азаттықтың жұмысына қатер төніп тұрғанын айтты.

"Қазақстан - азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің қатысушысы. 2006 жылы ратификациялаған. Өкінішке қарай, бізде Қазақстанда кемінде СІМ аккредитация процедурасын жұмыс істеуге рұқсат ретінде тәпсірлейді, яғни, олар жұмыс істей ала ма, жоқ па деген сияқты. Бірақ аккредитация бұл аккредиттелген журналист қалай жұмыс істеуі тиіс дегенді сипаттап, жұмыс істеу тетігін ғана көрсетуі керек еді" дейді заңгер.

Ал сот отырысы кезінде сыртқы істер министрлігінің мүддесін қорғаған Константин Соловьев пен Мейрам Муташев бұған дейін ұстанымын жеткізгенін айтып, бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Бұған дейін сыртқы істер министрлігі өкілдері Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысты, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса да, ел аумағында жұмыс істеп, заң нормасын бұзды деп мәлімдеген еді.

Қазақстан заңы бойынша, шетелдік журналистер ел аумағында жұмыс істеу үшін сыртқы істер министрлігінен аккредитация алуы шарт, онсыз жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бұрын аккредитация картасын екі жылға беріп келген сыртқы істер министрлігі 2024 жылдан бастап бұл мерзімді алты айға дейін қысқартқан. Министрлік аккредитация туралы өтінішті екі ай қарайтын болған соң, Азаттық жаңа картаға өтінішті алдыңғы мерзім аяқталардан екі ай бұрын берген еді. Бірақ министрлік осы екі ай аяқталғанда өтінішті қарауды тағы да созды. Содан кейін Азаттық тілшілеріне аккредитация бермейтіні туралы шешім қабылдады.

Азаттық радиосы сотқа түсірген шағымында министрлік өз тілшілеріне аккредитация бермеуге ілік болатын жағдайды қолдан жасап отыр деп жазды.

Сыртқы істер министрлігі Азаттықпен мәмілеге келуден бас тартқан.

Есесіне осы сот шешімі шыққан күні сыртқы істер министрлігі Азаттықтың аккредитация мерзімі біткен басқа 11 журналисінің аккредитациясын 6 айға ұзарту туралы шешім шығарды.

  • Бұдан бөлек, тағы 9 тілшінің ісі бойынша сот бар.
  • Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азаттық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген.
  • Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.
  • Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға үндеген.
  • "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.