Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Алекс Рауфоглу Ақ үйдің Тілшілер қауымдастығына арналған кешкі асындағы төтенше жағдайға куә болды. Қарулы адам күзеттен өтіп, салтанатты гала-кеште оқ атқан. Жиынға АҚШ президенті Дональд Трамп та қатысып отырған. Қауіпсіздік қызметкерлері ер адамды дереу қарусыздандырып, президентті Washington Hilton қонақүйінің банкет залынан эвакуациялаған. Рауфоглу оқиға кезінде және одан кейін қонақүй залында не болғанын айтып берді.
Азаттық: Оқ атылғанда қай жерде болған едіңіз? Ең әуелі не көрдіңіз? Атқан адамды не болмаса болған жайтты сипаттайтындай қандай да бір нәрсені байқадыңыз ба?
Алекс Рауфоглу: Мен банкет залының негізгі кіреберістерінің біріне өте жақын жердегі №219 үстелде отырғанмын. Ол сахнаға тікелей апаратын орталық жолдың бойында орналасқан. Зал ондағы әрбір үстелден сахна да, кіреберіс те көрінетіндей етіп жобаланған. Сол себепті біз әрбір қимылды бақылап отырдық. Атқан адамды көрмедік, бірақ негізгі есіктер ашық болды. Сондықтан сырттан атыс естілгенде, дыбысы өте қатты әрі анық естілді.
Бір сәтке кейбіріміз сыртта бірдеңе құлап кеткен шығар деп ойладық, өйткені даяшылар кіріп-шығып жүрді. Сол кезде кешкі ас беріліп жатқан. Бірақ алғашқыдан кейін тағы да бірнеше қайтара оқ атылған кезде күмән сейіліп, төтенше жағдай болып жатқанын түсіндік.
Азаттық: Банкет залындағы адамдар мұның нақты атыс екенін қалай білді?
Алекс Рауфоглу: Бұған бірнеше секунд кетті дер едім. Оқтың қайталанып атылуы, дыбысының өткір шығуы мұның кездейсоқтық емес екенін аңғартты. Есіктер айқара ашық болатын, сол себепті дыбыс бүкіл залға тарады.
Өзгерісті бірден байқауға болар еді. Өйткені абыржыған адамдар не болғанын дереу түсіне қойды. Кейбірі үстел астына тығылса, қалғаны бір сәтке қатып қалып, не болғанын түсінуге тырысты. Бірақ санаулы секундта оқ атылғанын бүкіл зал түсінді.
Washington Hilton қонақүйіндегі төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекетке көшкен қауіпсіздік қызметкерлері.
Азаттық: Журналистер, лауазымды тұлғалар және қонақтар қалай әрекет етті?
Алекс Рауфоглу: Бұл – инстинкт пен кәсібиліктің аралас көрінісі болды. Бұл журналистер толы зал болғанын естен шығармаңыз. Сол себепті алғашқы абыржудан кейін, барлығы телефондарына ұмтылып, болған жайтты құжаттауға кірісті.
Сол сәтте залды үрей биледі. Адамдар өзара жағдай сұрасып, бір-біріне жақын тұрды. Сол кеште бірнеше сағат бірге болғанбыз. Алдын-ала бірнеше шара өткен. Сол себепті залда жүрген біздер бір-бірімізді танитындай әсерде болдық.
Журналистер лезде репортаж режиміне көшіп, өзара ақпарат алмасып жатты. Әдетте мұндай жағдайда ақпаратты бірінші болып беруге деген бәсеке болады. Бірақ сол сәтте нақтылық пен қауіпсіздік жылдамдықтан маңызды болды. Оның үстіне, Wi-Fi шектеулі болып, бір-бірімізге сүйендік.
Азаттық: Құпия қызмет президент Трампты залдан қаншалық тез алып шықты?
Алекс Рауфоглу: Бұл өте жылдам болды. Санаулы секунд ішінде деуге де болар. Соған дейін-ақ залдағы стратегиялық орындардың бәрінде құпия қызмет өкілдері тұрған. Мен отырған жерден вице-президент [Джей Ди Вэнсті] бірінші болып алып шыққандай көрінді. Шамасы ол өз жағындағы шығу есігіне жақынырақ отырған болар.
Президент Трампты көрдім. Ол сахнада болған. Агенттер оны бірден алып шықты... Кейін өздері сонымен бірге кетті. Бұл сәтте жоғары деңгейдегі үйлескен реакция болды.
Азаттық: Қауіпсіздік қызметі қатысушыларға нақты нұсқау берді ме?
Алекс Рауфоглу: Иә, нұсқау өте қарапайым болды. Орындарыңызда қалып, сабыр сақтаңыздар деді. Қауіпсіздік қызметі жағдайды дүрбелеңсіз бағалағысы келді. Бір кезде бірнеше адам: "АҚШ, АҚШ" деп ұрандатқанын естідім. Бірақ оларға мұны тез арада тоқтату керегін айтты, өйткені шу абыржуды күшейтіп, қауіпсіздік қызметінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін еді.
Бірнеше секундтан соң, күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Бірақ бізден бәрібір де орнымызда қалып, жаңа нұсқауды күтуімізді сұрады.
Азаттық: Тексеріс аймағында нені байқадыңыз?
Алекс Рауфоглу: Банкет залының өзі қонақүйдің төменгі қабатында болатын. Ішке кіру үшін мұқият бақыланатын тексеру аймағынан өту қажет. Онда тексерістен кейін төменге апаратын эскалатор бар. Қақпадан өткенде тағы бір қауіпсіздік деңгейі бар.
Биыл президент қатысатын болғандықтан, қауіпсіздік шаралары әдеттегіден қатаңырақ болды. Бұл шараға 12-жыл қатысып жатырмын. Биыл дайындық жақсырақ болғаны анық. Көшелер жабылып, кіреберіске жету үшін екі квартал жаяу жүруімізге тура келді. Сыртта наразылар тұрды. Маған солардың арасынан өтуге тура келді. Жаңбыр жауып тұрған. Қонақүйге кіру өте қатты шектеулі болды. Құпия қызметке құжат көрсетпей, басты кіреберіске жету мүмкін емес. Барлығы да шақыру қағазын қолында ұстауы керек болды. Ол жерде өте қауіпсіз жағдай болатын.
Азаттық: Зал ішіндегі абыржу мен бұғат қанша уақытқа ұласты?
Алекс Рауфоглу: Бұғат бір сағатқа дейін созылды. Одан сәл аз болуы да мүмкін. Бастапқыда ары қарай не болатыны түсініксіз еді. Тіпті іс-шара жалғасуы мүмкін деген әңгіме де жүріп жатты. Ақырында бізге президенттің оралмайтынын, ол оның орнына Ақ үйдегі мінберден сөйлейтінін айтты. Сырттағы аумақта күшейтілген күзет сол күйінде қалды.
Қонақтар банкет залынан эвакуацияланып жатыр.
Азаттық: Жапа шеккендерді немесе оларға көмек көрсеткен төтенше жағдай қызметкерлерін көрдіңіз бе?
Алекс Рауфоглу: Иә, қысқа уақытқа көрдім. Кейбіріміз дәретханаға бару үшін дәлізге шыққанда жерде жатқан бір адамды және қауіпсіздік қызметкерлерімен сөйлесіп жатқан төтенше жағдай қызметкерлерін көрдік. Бірақ бізден дереу залға оралуды сұрады. Дәретхана басты кіреберіске жақын болғандықтан, толық көре алмадық.
Азаттық: Іс-шараға дейінгі және одан кейінгі қауіпсіздік шаралары туралы кеңірек айтып бере аласыз ба?
Алекс Рауфоглу: Қауіпсіздік шаралары алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір күшейтілді. Осыған дейін айтқанымдай, президент қатысатын болғандықтан, жолдар жабылды. Әдеттегіден бірнеше кварталға артық жабылды. Залға дейін бірталай тексеру аймағы қойылған. Іште құпия қызмет өкілдерінің жүргені анық байқалды. Агенттер бүкіл зал аумағында жүрді.
Бір жағынан, күшейтілген қауіпсіздік шаралары мен болған оқиға күтпеген жерден бірлікке әкелді. Бір-біріне келісе бермейтін журналистер мен шенеуніктер күтпеген жерде ортақ жағдайға тап болып, барлығы да қауіпсіздікке мән беріп, бір-біріне қамқорлық танытты.