Азаттық тілшісінің референдум учаскесінен шығарылуы: құзырлы органдар әрқалай жауап берді

Орталық сайлау комиссиясының ғимараты.

Жаңа Конституцияға байланысты референдум кезінде Азаттық тілшісі Дархан Өмірбектің Астанада №240 референдум учаскесінен шығарылуына байланысты құзырлы органдар әрқалай жауап берді.

Сол кезде учаскенің төрағасы "редакцияның тапсырмасында мекеменің мөрі жоғын" алға тартып, тілшіні учаскеден шығарған еді.

"Редакциялық тапсырмада мөр болуы шарт па?". Азаттық тілшісі осы сұрақты құзырлы органдарға қойып, қарама-қайшы жауап алды.

Ескерте кететін жайт, референдум учаскесіне тілші байқаушы ретінде емес – журналист ретінде барды және учаске төрағасына заңға сәйкес рәсімделген барлық құжатын көрсеткен.

Астана қаласының аймақтық сайлау комиссиясы Азаттыққа жіберген ресми жауабында "редакциялық тапсырмада мөр болуы қажет" дегенді растап, комиссияның әрекеті заңды дегенді меңзеген.

"Құжаттарды тексеру барысында №240 учаскелік комиссия сіз ұсынған жолдама белгіленген тіркеу талаптарына сәйкес келмейтінін, атап айтқанда, қажетті ұйым деректемелерінің (мөрдің) жоқ екенін анықтады" деп жазылған Астана қаласының аймақтық сайлау комиссиясының жауабында.

Ал мәдениет және ақпарат министрлігі мен әділет министрлігі Азаттыққа жіберген ресми жауабында редакциялық тапсырмада мөр болуы міндетті емес деп жазды.

"Қазақстан Республикасының заңнамасында журналистің редакциялық тапсырмасына міндетті түрде мөр басу талап етілмеген. Сонымен қатар, «Масс-медиа туралы» Заңның 26-бабына сәйкес, журналист ақпаратты сұратуға, алуға және таратуға, сондай-ақ хабарламалар мен материалдарды жинау және өңдеу арқылы оның дұрыстығын тексеруге құқылы. Осылайша, редакциялық тапсырманы пайдалану, егер өзгеше ұйымның ішкі қағидаларында көзделмесе және бұқаралық ақпарат құралының ішкі құжаты болып табылады және оны ресімдеуге қойылатын міндетті талаптармен, оның ішінде мөр басу талабымен реттелмейді" деп жазылған ақпарат министрлігінің жауабында.

Әділет министрлігінің жауабына да осыған ұқсас түсіндіріледі.

Биыл 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау бойынша республикалық референдум өтті. Ресми мәлімет бойынша, дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың 73,12% немесе 9 127 192 адам референдум бюллетенін алған. Жиыны 7 954 667 азамат (87,15%) жаңа Конституция жобасын қолдап, 898 099 адам (12,85%) қарсы болған. 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған, ал 127 868 бюллетень есепке алынбаған.

Тәуелсіз бақылаушылар референду кезінде басқа біреудің орнына дауыс беру, тәуелсіз бақылаушыларды учаскеден шығару, журналистердің учаскеден ақпарат таратуына кедергі келтіру сияқты түрлі заңбұзушылық тіркелгенін хабарлаған. ОСК "заңбұзушылықтар болды, бірақ олардың қорытындыға әсері жоқ" деп мәлімдеген.