Азаттықтың Instagram парақшасы ашылды

Көрнекі сурет.

2 сәуірге қараған түні Азаттықтың Instagram парақшасы ашылды. Әлеуметтік желі әкімшісі "қателесіп бұғаттағандарын" мәлімдеп, кешірім сұрады.

"Аккаунтыңызды қарап шықтық, ондағы әрекет зияткерлік меншікке қатысты пайдалану шарттарымызға сәйкес екеніне көз жеткіздік, сондықтан Instagram-ды қайтадан пайдалана аласыз. Біздің қателесуімізге байланысты біраз уақыт Instagram-ды пайдалана алмағандарыңыз үшін кешірім сұраймыз. Кейде қауымдастықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шара қолдануымызға тура келеді" деп жазылған хабарламада.

Азаттықтың Instagram парақшасы 25 наурызда бұғатталған еді. Азаттық Instagram-ның бұл шешіміне келіспей, шағым түсірген. Парақша бір аптадан астам уақыт істемей тұрды.

Азаттықтың Instagram парақшасында Қазақстанның және әлемнің қоғамдық-саяси өміріндегі оқиғалар қамтылады, онда Азаттықтың эксклюзив материалдары және ақпарат агенттіктерінің, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушыларының аудио-видео материалдары пайдаланылады. Парақшаның 784 мың жазылушысы бар.

Соңғы кездері Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріне иелік ететін Meta компаниясы қазақстандық журналистердің, ақпарат құралдары мен жекелеген қолданушылардың посттары мен аккаунттарын өшірген, бірақ олардың барлығы дерлік кейін қайта қалпына келген.

Өшірілген посттардың көбінде Қазақстанда қабылданып жатқан жаңа Конституция жобасына сын айтылған.

Meta компаниясы қазақстандықтардың парақшаларындағы контенттің өшірілуі туралы айтқандарына түсініктеме бермеді. Қазақстанда 2025 жылы қарашада осыған ұқсас жағдайлар болғанда Азаттық Мeta-ға хат жазған, ресми жауап болған жоқ.

Азаттықтың материалдары оның сайтында, Facebook, YouTube, TikTok, Threads және Х-тегі аккаунттарында, Telegram мен WhatsApp-тағы арналарында жарияланады.