Бакудің әскери соты халықаралық қауымдастық мойындамаған "Таулы Қарабақ республикасы" (ТҚР) басшыларына шығарылған үкімді жариялай бастады. Бұл туралы Азаттық радиосының Әзербайжан қызметі (Азадлығ) мен Azertac агенттігі хабарлады.
Сот келесі бес адам өмір бойына түрмеге қамалсын деп үкім шығарды:
- өзін-өзі жариялаған "Таулы Қарабақ республикасының" бұрынғы президенті Араик Арутюнян;
- ТҚА армиясының бұрынғы қолбасшысы Левон Мнацаканян;
- қолбасшының бұрынғы орынбасары Давид Манукян;
- ТҚР парламентінің бұрынғы спикері Давид Ишханян;
- ТҚР сыртқы істер министрлігінің бұрынғы басшысы Давид Бабаян.
Ал сепаратистік ТҚР-дің тағы екі бұрынғы президенті – Аркадий Гукасян мен Бако Саакян 20 жылға сотталды. Әзербайжанның Қылмыстық кодексіне сәйкес, үкім шығарылған сәтте екеуінің жасы 65-тен асқандықтан, оларға өмір бойына түрмеге қамау жазасы қолданылмаған.
Мадат Бабаян мен Меликсет Пашаян – 19 жыл, Гарик Мартиросян – 18 жыл, Давид Аллахвердян мен Левон Балаян – 16 жыл, ал Василий Бегларян, Гурген Степанян және Эрик Казарян 15 жыл мерзімге бостандығынан айырылды.
Үкім жариялау жалғасып жатыр. Іс бойынша барлығы 15 адамға айып тағылған. Бұлардың бәрі 2023 жылы Қарабақ аумағы Әзербайжанның әскери операциясынан кейін Бакудің қоластына қайтарылған соң ұсталған. Оларға тағылған айыптар қатарында агрессиялық соғыс дайындау және жүргізу, соғыс заңдары мен ережелерін бұзу, геноцид, терроризмді қаржыландыру, билікті күшпен басып алу және адам өлтіру айыбы бар.
Әзербайжан мен Арменияны араздастырған сепаратистік құрылым
Армения мен Әзербайжан арасындағы жер дауы 1980-жылдардың аяғынан бастап ондаған жылға жалғасты. Совет одағы кезінде Әзербайжан құрамында болған, негізінен армян ұлты өкілдері қоныстанған Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан ССР-і құрамынан шығатынын мәлімдеп, 1991 жылғы қыркүйекте "Таулы Қарабақ республикасы" құрылғанын жариялаған. Армения сепаратистік құрылымға қолдау білдірді.
"Таулы Қарабақ республикасын" БҰҰ-ға мүше елдердің ешбірі, соның ішінде Армения да, ресми түрде мойындаған жоқ. 1993 жылы БҰҰ армян әскерін аймақтан шығаруды талап еткен және бұл аумақ Әзербайжанның бөлігі деп жазылған төрт қарар қабылдады.
1988-1994 жылдар аралығында қарулы қақтығыстар салдарынан шамамен 30 мың адам қаза тапты. ТҚР мен оған іргелес Әзербайжанның бірнеше ауданы Армения қарулы күштерінің бақылауына өтіп, соның салдарынан жүздеген мың адам, негізінен әзербайжан ұлты өкілдері өз мекенін тастап кетуге мәжбүр болып, босқынға айналды.
2020 жылғы қыркүйекте қақтығыс қайта шиеленісіп, Әзербайжан ТҚР айналасындағы бірқатар ауданды, соның ішінде тарихи әрі символдық маңызы бар Шуша қаласын да қайтарып алды. Шуша Бакудің бақылауына өткен күннің ертесіне Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Әзербайжан президенті Илхам Әлиев және Ресей президенті Владимир Путин атысты тоқтату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар бақылауындағы аумақтар бекітіліп, байланыс сызығы бойына Ресейдің бітімгерлік миссиясы орналастырылды.
Одан кейін Әзербайжан Қарабақтағы армян ұлты өкілдері тұратын аудандарды құрсауға алды: аймаққа апаратын жалғыз жолға тосқауыл бекеттері қойылып, сепаратистік аймаққа жүк жеткізу, соның ішінде азық-түлік пен гуманитарлық көмек өткізу де шектелді. Аймақ тұрғындары аштық қаупі төнгені туралы хабарлаған.
2023 жылғы 19 қыркүйекте Әзербайжан армян ұлты өкілдері тұратын Қарабақ аудандарында "террорға қарсы операция" бастағанын жариялады. Бұл шара өзін-өзі жариялап алған сепаратистер билігінің тарауымен аяқталды.