Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан бірігіп әскери жаттығу өткізеді

Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан әскерилері бірігіп, "Бірлік күші 2026" әскери жаттығуын өткізеді. Жаттығу Әзербайжан аумағында болады деп хабарлады түріктің Anadolu ақпарат агенттігі.

Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, үш кезеңнен тұратын жаттығу Қарабақ экономикалық аймағы мен Нахчыван анклавындағы оқу орталықтарында және Каспий теңізіндегі оқу полигонында өтеді.

Түркі тілдес үш елдің әскери қызметкерлері әскери күшті толық синхрондап, стандартқа сәйкестендіру үшін қазіргі заманғы авиация, әскери-теңіз күштері және дрондарды пайдалана отырып, бірлесіп жауынгерлік тапсырма орындамақ.

Түріктің Yenisafak басылымының дерегінше, Түркия мен Өзбекстанның жеке құрамы мен әуе күштері Әзербайжанға барған.

22 қыркүйекте Ходжавенд ауданында ресми ашылуы өткен.

Бұған дейін Анкара Ташкентпен әскери ынтымақтастықты нығайтып, интеграцияның "әзербайжан үлгісіне" баса назар аударып жатқанын мәлімдеген. Биыл сәуірде Өзбекстан мен Түркияның әскери басшылары Ташкентте қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты, стратегиялық серіктестікті және аймақтық қауіпсіздікті дамыту мәселелерін талқылау үшін келіссөз жүргізді.

Осы жылдың алғашқы алты айында Түркия қорғаныс министрлігі генерал-майор бастаған әскери кеңесшілерден құралған консультативтік топ Өзбекстанға жіберілгенін ресми түрде растады.

Шавкат Мирзияев Өзбекстанда билікке келгеннен бері Түркия Ташкенттің негізгі әскери-техникалық серіктестерінің біріне айналды, соңғы үлгідегі қару-жарақ тасымалдап, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамытты.

Өзбекстан түрік қорғаныс компанияларынан заманауи технологияларды, соның ішінде дрон және өзге де қару түрлерін сатып алып жатыр.

2023 жылы Өзбекстан Түркиядан Bayraktar TB2 дрондарын сатып алды. Олардың нақты саны жарияланбады, бірақ ашық дереккөзге сүйенсек, Өзбекстанда осындай кемінде төрт дрон бар. Өзбекстан сонымен бірге Түркиядан Ejder Yalçın бронды көліктерін сатып алды. Қазіргі уақытта Өзбекстан әскерінде осындай 24 көлік бар деп айтылады. 2025 жылы түріктің TUSAŞ компаниясы Өзбекстанға ANKA дрондарын сатқан. Түркиядан қанша техника мен жарақ сатып алынғаны және келісімшарт құны әдетте айтылмайды.