БАҚ: Алматы соты "Ақорданы басып алмақ болған" бес белсендінің ісін қарап жатыр

Алматының Алмалы аудандық соты (Азаттық архивіндегі фото)

Алматының Алмалы аудандық сотында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды және Ақорданы басып алуға оқталды деген айып тағылған бес белсендінің ісі қаралып жатыр. Сот процесі жабық өтеді. Мұндай ақпаратты адвокат Жанар Балғабаева айтты деп жазды Vlast.kz.

Бұл істе белсенділер Асқар Нұрмаған, Әбдуәли Тағай, Дүйсенбек Жақашев, Қайсар Өзбек пен Талғат Ашировқа топ болып билікті күшпен басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттады, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деген айып тағылған. Қайсар Өзбек пен Талғат Ашировқа жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау айыбы қосымша тағылды деп жазды басылым.

Прокурор істегі куәлардың бірінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын алға тартып, сот процесін жабық өткізуді сұраған. Судья мемлекеттік айыптаушының өтінішін орындаған.

"Жария болғанын қаламайды. Бәрін ың-шыңсыз тезірек жауып тастағысы келеді", – деп адвокат Жанар Балғабаева процесті жабық өткізу туралы шешімді сынға алған.

Айыптау актісінде белсенділер болашақ әрекеттерін жоспарлап, дайындау мақсатында жасырын кездесулер өткізіп, WhatsApp мессенджерінде "Қайрат Команда" атты ортақ чат құрған деп көрсетілген.

Құжатта күдіктілер алдын ала сөз байласып, билікті басып алуды көздеп Астана қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға, Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақорданы басып алуға және халықты жаппай көтеруге келіскені айтылған. Айыптау актісінде күдіктілердің 2025 жылғы қаңтардан маусым айына дейінгі кезеңдегі кездесулері мен байланыстары сипатталған деп жазды Vlast басылымы.

Құқық қорғау органдары "Ақорданы басып алмақ болған" бесеудің ісі жайлы әзірге ресми пікір білдірген жоқ.

  • Қазақстанда осыған ұқсас істер бойынша сот процестері бұрын да өткен. 2024 жылғы 7 наурызда Алматы соты "билікті күшпен басып алмақ болды"деген айып тағылған жеті адамға айыпты деп үкім шығарған. Сот кезінде айыпталушылардың "Ақордаға трактормен басып кірмек болғаны", билікті басып алу мақсатында тәртіпсіздік ұйымдастыруға оқталғаны айтылған. Айыптауға құпия куәлердің жасырын видео жазбалары мен айғақтары негіз болған. Сот үш адамды алты жылға, үш адамды бес жылға бостандығынан айырды. Олар тағылған айыпты жоққа шығарды. Кінәсін мойындаған бір адамға сот шартты жаза берді.
  • Былтыр АЭС жөніндегі референдум қарсаңында жаппай тәртіпсіздік дайындады деп айыпталған бес белсенді кінәлі деп танылып, сот әрқайсының бостандығын 4 жылға шектеп, 5 жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Кейін бұл мерзім екі жарым жылға қысқартылған.