БАҚ: БҚО-да жасөспірім қызды зорлады деп күдікке ілінген шенеунік мерт болды

Аурухана ғимараты. Көрнекі сурет.

Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қыз баланы зорлады деп күдікке ілінген шенеунік мерт болды.

Полицияға сүйенген “Мой город” басылымының жазуынша, 11 наурызда күдіктінің жағдайы кенет нашарлап, Оралдағы облыстық аурухананың реанимация бөліміне жатқызылған.

Дәрігерлер оған бауырдың улануы диагнозын қойған. 16 наурызда ер адам есін жимаған күйі көз жұмған.

Полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Басылымның жазуынша, оқиға Шыңғырлау ауданында болған. Алдын ала ақпаратқа қарағанда, полицияға зардап шеккен қыздың әкесі шағым түсірген. Ол шенеунікті айыптап, қызының зорланғанын мәлімдеген. Сол кезде БҚО полициясы ақпаратты растап, аталған факт бойынша “Кәмелетке толмаған қызды зорлау” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.

Басылымның жазуынша, кейін құқық қорғау органдары тергеу барысында “зорлау” расталмағанын хабарлаған. Ал 16 жастағы қыз бен анасы күдіктіге шағымы жоқ екенін, олардың “қатынасында” мәжбүрлеу болмағанын айтқан.

Алайда басылымның жазуынша, жәбірленуші қыздың әкесі ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан, ал полиция қылмыстық іс жалғасып жатқанын жеткізген. 27 ақпанда БҚО прокуратурасы күдікті изоляторға қамалғанын хабарлады.

Күдікті жергілікті әкімдікте істеген. Шағым түскеннен кейін қызметінен босатылған.