БАҚ: Еуропа барлауы Ресейдің банк жүйесіне дағдарыс қаупі төніп тұрғанын ескерткен

Ресейдің банк жүйесі "жарылатындай" дағдарыс қаупіне тап болуы мүмкін. Мұны Еуропаның бір елінің барлау қызметі дайындаған құпия баяндамаға сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады.

Маусым айында, Еуроодақтың 21-санкциялар пакетін талқылау алдында еуропалық шененуніктерге арнайы дайындалған құжат авторлары Ресей билігі банктерді қорғаныс өнеркәсібіне, өңірлік мемлекеттік жобаларға және тұрғын үй несиелеріне белсенді қаржы беруге итермелеп отыр, ал қарыздарды қайта құрылымдау мен мемлекеттік қолдау нақты қордаланған қауіп-қатерлерді жасырады деп санайды.

Құжатта корпоративтік несиелердің шамамен 10 пайызы проблемалы екені, ал кей ірі банктерде қайтарылмайтын бөлшек қарыздың үлесі 15 пайызға жеткені айтылған. Бұдан бөлек, 2025 жылы Ресейде 500 мыңнан аса адам банкрот деп танылған, ал 13 миллионнан астам адамның мойнында төлеп отырған кемінде үш кредиттен бар.

Құжатта банк секторына бағытталған жаңа санкциялар немесе басқа да экономикалық соққы Ресейде қаржы дағдарысын күшейтуі мүмкін деп жазылған.

Ресей Орталық банкі бұл құжатқа байланысты Reuters қойған сауалға түсініктеме бермеген.

Ал агенттік сөйлескен сарапшылардың бірі экономиканың қарқыны баяулап, мемлекеттік шығындар деңгейі жоғары болуына және қаржы жүйесі бақылауда екендігіне қарамастан жақын арада банк жүйесінің дағдарысқа ұрыну ықтималдығы төмен деп мәлімдеген.

Басылым мәліметінше, Еуроодақтың 21-санкциялық пакеті шілдеде қабылдануы мүмкін. Шамамен 90 ресейлік банкке, криптовалюта желілеріне, дрон өндірушілерге және мұнай саласындағы компанияларға шектеулер салынуы ықтимал деген болжам айтылып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Еуроодақ Ресей мұнайына шекті бағаны белгілеуді қарастырып жатыр