Израиль басылымдары тергеуге жақын дереккөздерге сүйеніп, 30 қыркүйекте FlyDubai әуекомпаниясының жолаушы ұшағын әуеде басып алуға әрекеттенген адам ол ұшақты Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайына құлатуды көздеген деп хабарлады.
Ақпарат құралдары FlyDubai ұшағының екінші ұшқышы – Оман азаматы Хамам әл-Хамами тергеушілерге ұшақ экипажы капитанын өлтіріп немесе мүгедек қылып, ұшақты басып алуды, содан кейін әдеттегі бағытымен ұшуды жоспарлағанын айтқан дейді. Осылайша әуе қозғалысын бақылайтын жердегі қызметтің күдігін тудырмай, ұшақты Тель-Авивке қондыруға рұқсат алмақ болған. Содан кейін ол ұшақты әуежайға құлатуды немесе егер бұл мүмкін болмаса, оны Израиль астанасындағы көпқабатты ғимараттардың біріне апарып соғуды жоспарлаған.
Әл-Хамами бұл жоспарды ұзақ уақыт бойы ойластырып жүргенін және оны іске асыру үшін Израильге ұшатын әуе компаниясына жұмысқа орналасқанын айтқан. Ол FlyDubai ұшағымен бірнеше рет Тель-Авивке ұшып, Бен-Гурион әуежайында шабуылын жоспарлау үшін ғимарат пен әуежайды мұқият тексерген деп жазды басылымдар. Әл-Хамами биыл шілде айында шабуыл жасауға дайын болған, бірақ ол рейске ұшқыш досымен бірге ұшатын болғандықтан жоспарын өзгерткен.
Хамам әл-Хамами бұрын Oman Air әуекомпаниясында жұмыс істеген, ол жерден 2024 жылы экстремистік көзқарасы үшін жұмыстан шығарылған деп хабарлады CBS. Сегіз ай бұрын ол FlyDubai әуекомпаниясына жұмысқа тұрған. Компанияның ішкі қауіпсіздік қызметі оны жұмысқа алмас бұрын өмірбаянын мұқият тексермеген сияқты дейді басылым.
Қазір әл-Хамами Біріккен Араб Әмірліктерінде қамауда отыр. Одан БАӘ мен Сауд Арабиясынан келген тергеушілер жауап алып жатыр. Олар израильдік әріптестерімен ақпарат алмасып жатыр.
Тергеушілер әл-Хамами жалғыз әрекет еткен және ешқандай террор ұйымдарымен тікелей байланысы болмаған деп санайды.
- 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан FlyDubai әуекомпаниясының №1073 жолаушы рейсі кезінде ұшақтың екінші ұшқышы әл-Хамами экипаж капитаны, Үндістан азаматы Смит Мачхарға шабуыл жасаған. Ұшақта 182 адам болған, көпшілігі – Израиль азаматтары.
- Бір сәт басқарусыз қалған әуедегі ұшақ төмен қарай күрт құлдилаған. Ауыр жараланған Мачхар ұшқыштар отыратын кабинаның есігін ашып үлгерген. Төбелесті естіген жолаушылар кабинаға жүгіріп кіріп, шабуылдаушыны ұстап, оны құлаққап сымдарымен байлап, жаралы Мачхарға алғашқы көмек көрсеткен. Жолаушылардың бірі төменге құлдыраған ұшақты қайтадан түзу бағытқа келтірген (кейін ол авиация жайлы телебағдарламаларды жиі көретінін айтты).
- Содан кейін жолаушы ретінде ұшып келе жатқан қосалқы экипаждың екі ұшқышы ұшақ тізгінін қолға алып, ұшақты Сауд Арабиясындағы Табук әуежайына аман-есен қондырды. Ұшақтағы 174 жолаушы мен сегіз экипаж мүшесінің бәрі аман қалды. Экипаж капитаны ауруханаға жатқызылды, әл-Хамами тұтқындалды, ал жолаушылар FlyDubai әуекомпаниясының басқа бір ұшағымен Израильге жеткізілді.