БАҚ: Иран АҚШ-тың келіссөз жайлы ұсынысын қабылдамады

Иран астанасы Тегеран көшесінде. 15 наурыз, 2026 жыл.

Иран АҚШ-тың келісімге келу жайлы ұсынысын талқылаудан бас тартып, бейбітшілік тек өз шарты орындалса ғана мүмкін екенін мәлімдеген деп хабарлады өз дереккөздеріне сүйенген Reuters агенттігі.

Тегеран Пәкістанның арағайындығымен АҚШ ұсынған 15 тармақтан тұратын келісім шартына келіспейтінін және өз ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеген.

Иран қойып отырған шарттар арасында "агрессия мен кісі өлтіруді" толық тоқтату, соғысты қайта бастамауға кепілдік беру, [Иранға] өтемақы мен репарация төлеу, қарулы қақтығыстың бәрін тоқтату және Ормуз бұғазын Иран бақылайтынын мойындау кіреді.

The Wall Street Journal мәліметінше, бұған дейін Тегеран аймақтағы АҚШ базаларын жапсын, санкцияларды алып тастасын, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алуға көнсін, Иранның ядролық бағдарламасын жалғастыруына келіссін және Ливандағы одақтасы "Хезболла" тобына (АҚШ пен Израиль террористік топ деп таныған) Израиль шабуыл жасауды тоқтатсын деген шарт қойған.

АҚШ оларды орындауға келмейтін жөнсіз талап деп атаған.

Израильдік 12-телеарна АҚШ жоспарының негізгі тармақтары Иран былтыр қабылдамай тастаған шарттарды қайталаған деп хабарлады. БАҚ дерегінше, АҚШ жоспары 15 тармақтан тұрады.

Құжатта Иран ядролық қару әзірлеуден және уран байытудан бас тартсын, байытылған уран қорларын және барлық ақпаратты Халықаралық атом энергиясы агенттігіне өткізіп берсін, Натанз, Исфахан және Фордоудағы ядролық нысандарды жойсын, Тегеранмен байланысы бар топтарды қаржыландыруды тоқтататсын, Ормуз бұғазынан кемелер еркін жүзетіндей етіп ашсын, зымыран санын шектесін, олардың ұшу қашықтығын азайтсын және зымыранды өзін-өзі қорғауға ғана пайдаланатын болсын деген талаптар бар.