БАҚ: Иранның ұсынған жоспары Трамп айтқаннан өзгеше

Израильдің шабуылынан кейін Бейруттың әл-Мазраа ауданында шыққан өртті сөндіріп жатқан адамдар. Ливавн, 8 сәуір, 2026 жыл.

Иран жариялаған 10 тармақтан тұратын жоспар АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін "келіссөз жүргізу жұмысына негіз" болады деп сипаттаған құжаттан өзгеше, деп жазды Ақ үйдегі дереккөзге сүйенген The New York Times.

Басылым мәліметінше, сөз екі бөлек құжат туралы болып отыр. Алайда Ақ үйдегі дереккөз олардың нақты қандай айырмашылығы барын ашып айтпаған, бұл мәселені Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт брифинг барысында нақтылауы тиіс деген.

Ал Иран атысты екі аптаға тоқтату режимінен шығуы мүмкін екенін ескертті. Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Тегеран АҚШ-қа егер Израиль Ливандағы Иранды жақтайтын шииттік "Хезболла" тобына (АҚШ пен Израильде террорлық ұйым деп танылған) қарсы операцияларын жалғастырса, атысты тоқтату келісімінен бас тартатынын жеткізген. Дереккөздердің айтуынша, Иран әскери күштері қарымта қайтаруға тура келетін жағдайға қазірдің өзінде әзірленіп жатыр.

Кейінірек Иранның Ливанға қатысты ұстанымын елдің сыртқы істер министрі Аббас Арақчи да растады.

Израиль бұған дейін атысты тоқтату туралы келісім Ливандағы "Хезболлаға" қарсы операцияларға жүрмейді, сондықтан ол топқа жасалған шабуылдар келісімді бұзу болып саналмайды деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Израиль Иранға шабуылды доғарды, бірақ Ливандағы әскери іс-қимылды жалғастырып жатыр

БАҚ мәліметінше, Израиль әуе күштері Бейрутпен қоса Ливанның өзге де аудандарына шабуыл жасады. Қызыл Крест өкілдері кемінде 80 адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланғанын хабарлады.

"Қираған үйлердің үйінділері астында қалған адамдар бар, сондықтан қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны әлі де өсуі мүмкін", — деді Қызыл Крест комиссары Джордж Кеттане.

Израильдің сыртқы істер министрлігі де Ливан билігін "Хезболлаға" қарсы белсендірек әрекет етуге шақырып, Бейрут топты тежеу жөніндегі міндеттемелерін орындамай отыр деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, Израильдің Ливанға жасаған шабуылдарынан кейін Ормуз бұғазынан мұнай танкерлерінің өтуі уақытша тоқтатылған.

Financial Times басылымы Иран бұғаз арқылы өтетін танкерлерден әр баррель мұнай үшін 1 доллар көлемінде төлем алу мүмкіндігін де қарастырып жатыр деп жазды. Мұнай экспорттаушылары одағының басшысы Хамид Хосейни бұл төлемдерді биткоинмен қабылдау жоспарланып отырғанын айтты.

"Иранға осы екі апта ішінде бұғаз арқылы қару-жарақ тасымалданбауын қамтамасыз ету үшін қандай жүк өтіп жатқанын бақылау қажет", — деді Хосейни.

Оның айтуынша, танкерлер жүктің мазмұны туралы алдын ала хабарлауға міндетті болады, ал рұқсатсыз өткен кемелер "жойылады".