БАҚ: «Күлпәштің» прокатқа шыққан нұсқасынан Ашаршылық құрбандары туралы титрлар алынған

"Күлпәш" фильмінен кадр.

19 қарашада қазақстандық кинотеатрларда режиссер Ақан Сатаевтың «Күлпәш» фильмі прокатқа шықты. Алайда фильмнің соңында 1930 жылдардағы Ашаршылық құрбандары туралы айтылатын титрлар көрсетілмеген. Бұл туралы Vlast.kz басылымына Sataifilm киностудиясының продюсері Мариям Сатаева хабарлады.

Оның айтуынша, фильмді прокатқа шығаруға рұқсат беретін куәліктерді рәсімдейтін комиссия өкілдері кино авторларынан осы титрларды алып тастауды сұраған. Бұған Ашаршылық кезінде қаза болғандардың нақты саны туралы деректердің жоқтығы себеп ретінде көрсетілген.

Сонымен бірге Сатаева өзгерістер тек фильмнің соңындағы титрларға қатысты екенін атап өтті. Картинаның сюжеті, көріністері мен ұзақтығы өзгеріссіз қалған.

Бейімбет Майлиннің повесі негізінде түсірілген «Күлпәш» фильмі қазақ даласындағы Ашаршылық қасіретін баяндайды. Бейімбет Майлин – 1938 жылы сталиндік қуғын-сүргін кезінде атылған қазақ жазушысы.

Фильмнің басты кейіпкері – Күлпәш есімді қарапайым әйел. Ол күйеуі және кішкентай ұлымен бірге алапат аштық кезінде ажал аузында қалады. Отбасын аштан аман алып қалу үшін Күлпәш күйеуін тастап, бай шалға тұрмысқа шығуға мәжбүр болады.

Фильмнің премьерасы Алматыда 10 қарашада өтуі керек еді. Алайда көрсетілімге бірнеше сағат қалғанда ол кейінге шегерілді. Сол кезде Sataifilm киностудиясы мұны қосымша рәсімдерді аяқтау қажеттілігімен түсіндірген.

Кейін Мариям Сатаева көрсетілімнің тоқтатылуына биыл жазда Қазақстанда енгізілген міндетті прокат алдындағы жаңа сараптамадан өту қажеттігі себеп болғанын нақтылады.