Қазақстанның магистралды мұнай құбыры операторы "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясы Грузиядағы "Батуми мұнай терминалы" өкілдерінің қамалғаны туралы ақпаратты растамады. Бұл жөнінде компаниядан жауап алған Nationalbusiness.kz сайты жазды.
"ҚазТрансОйл" компаниясының мәліметі бойынша, басшылық терминалдың жұмысын толық бақылауда ұстайды және қажет болған жағдайда Грузия билігімен әріптестік орнатады.
"Жауапқа қарағанда, "Батуми мұнай терминалының" барлық қызметкері жұмыс орнында, ал терминал Грузия заңнамасы аясында жұмысын жалғастырып жатыр. Кәсіпорын мен оның жұмысшыларының құқықтары мен заңды талаптары толық қамтамасыз етіліп жатыр" деп жазды басылым.
Компания өкілдерінің айуынша, аталған фактіге қатысты ішкі қызметтік тексеріс жүргізілмеген.
Желтоқсан басында Грузияның тергеу органдары "миллиондаған долларға декларацияланбаған мұнайды сату схемасына қатысы бар" деген күдікпен Batumi Oil Terminal-ды басқарған үш қазақстандық ұсталғанын жазған еді. Ақпарат құралдарының жазуынша, "жетпеген көлемді жасыру үшін күдіктілер цистерналардағы мұнайдың орнын мұнай қалдықтары және лас сұйықтықпен толтырған, осылайша мұнай жетіспеушілігі білінбей қалған".
Іс контрабанда және аса ірі көлемде заңсыз сауда баптары бойынша тергеліп жатқаны хабарланған. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – 11-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.
Batumi Oil Terminal – шикізатты Қара теңіз арқылы тасымалдайтын стратегиялық нысан. Компания "ҚазМұнайГазға" қарасты "ҚазТрансОйл" компаниясына тиесілі.