БАҚ: Ресейде Солтүстік Кореяның мыңдаған азаматы дрон құрастырып жатыр

Ресейлік дрон өндірісі нысандарында, оның ішінде Татарстандағы "Алабұға" арнайы экономикалық аймағында 25 000-ға дейін Солтүстік Корея азаматы істеп жатқан болуы мүмкін. Бұл жөнінде Санкцияға мониторинг жүргізу жөніндегі көпжақты топтың (MSMT) есебіне сүйенген Bloomberg хабарлады.

Есеп авторларының дерегінше, солтүстіккореялықтар "Алабұға" кәсіпорнында да дрон құрастырып жатыр. Зерттеушілердің дерегінше, Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің солтүстіккореялықтарды шетелде жұмыс күші ретінде пайдалануға енгізген шектеуін айналып өту үшін Солтүстік Корея жұмысшыларын студенттер ретінде рәсімдейді.

2025 жылы Ресей Солтүстік Кореяның 36,4 мың азаматына виза берген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда төрт есе көп. 35,8 мыңы – студент. MSMT бағалауынша, 2025 жылдың соңында Ресейде 15-30 мың солтүстіккореялық, Қытайда 20-70 мың жұмысшы болған.

Ресейде істеп жатқан солтүстіккореялық жұмысшы орташа есеппен жылына 7,5 мың доллар нәпақа табады деген болжам бар. Бұл Қытайдағы жұмысшы алатын орташа жалақыдан бес есе жоғары болуы мүмкін. Бірақ солтүстіккореялықтар тапқан нәпақаның айтарлықтай бөлігін Солтүстік Корея билігі алады. Есепте сонымен бірге жұмысшылардың жүріс-тұрысы мен шетелдіктермен қарым-қатынасы қатаң бақыланатыны жазылған.

MSMT бағалауынша, Солтүстік Корея билігі 2025 жылы шетелде еңбек ететін азаматтардың есебінен 800 млн доллар алған болуы мүмкін. Есеп авторларының айтуынша, бұл қаражат Пхеньянға ядролық және баллистикалық ракета бағдарламасын қаржыландыруына көмектеседі.

Санкцияға мониторинг жүргізу жөніндегі көпжақты топқа АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония кіреді. Топ Ресей БҰҰ-ның сарапшылар тобының мандатын ұзартуды бұғаттағаннан кейін 2024 жылы құрылды.