БАҚ: Ресей өңірлерінде резервистерді жасақтау жаппай жүргізіліп жатыр

Ресей қарулы күштері қатарына шақырылған сарбаздар атыс полигонындағы дайындық кезінде (көрнекі сурет)

Ресейдің көптеген аймағында резервистер бөлімдеріне еріктілерді жаппай тарту науқаны басталып кетті. Ресейлік "Коммерсант" газеті қазір кемінде 20 өңірде осындай науқан жүргізіліп жатыр деп жазды. Басылым мәліметіне қарағанда, жаңа науқанның мақсаты – стратегиялық маңызы бар нысандарды қорғауға еріктілерден құралған резерв бөлімшелерін жасақтау.

Жуырда қабылданған заң резервистерді арнайы жиындарға шақыруға және оларды соғыс кезінде ғана емес, сонымен бірге бейбіт заманда да нысандарды қорғауға пайдалануға мүмкіндік береді (ресми түрде Ресейде қазір бейбіт уақыт саналады, ал Украинадағы соғысты билік "арнайы операция" деп атайды).

Жиындар кезінде резервистерге әскери қызметші мәртебесі тиісті әлеуметтік жеңілдіктермен қоса беріледі. Олар негізінен дрондарға қарсы күресу міндеті жүктеледі.

Резервистерді жасақтау науқаны қазір Ленинград және Нижегород облыстарында, Татарстан мен Башқұртстан республикаларында және Украинамен шектесетін өңірлерде жүргізіліп жатыр. Бұл аймақтар кейінгі кезде дрон шабуылына ұшыраған. Заң бойынша, билік резервистерді диверсанттарға қарсы күреске немесе тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарына пайдалана алады.

Резервистер – Ресей қорғаныс министрлігінің мобилизациялық резервінде болатыны туралы келісімшартқа ерікті түрде отырған адамдар. Келісімшартқа қол қойғаны үшін оларға арнайы төлемдер мен әлеуметтік жеңілдіктер беру қарастырылған. Жаңа заңға сәйкес, резервистерді жыл ішінде алты айға дейінгі мерзімге арнайы жиындарға шақыруға болады. Жиындар кезінде олар негізгі жұмыс орнындағы орташа еңбекақысын сақтай отырып, қосымша төлемдер алады. Ал резервист қаза тапқан жағдайда, оның отбасы әскери қызметшіге берілетіндей төлемдер мен жеңілдіктер алуға құқылы.