АҚШ президенті Дональд Трамп өткен аптада Пекинге сапармен барған кезде өзіне Қытай басшысы Си Цзиньпин "Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіргеніне опық жеуі мүмкін" деп айтпағанын мәлімдеп, оны жалған ақпарат деп атады.
Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь де ондай әңгіме болмағанын мәлімдеп, оны "ойдан шығарылған" деп атады.
Бұған дейін Financial Times газеті Трамптың Пекинге сапары кезіндегі келіссөз барысында Си Цзиньпин оған Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіргеніне "опық жеуі" мүмкін екенін айтты деп жазған. Басылым мұны Америка тарапының Пекиндегі саммитке берген бағасымен таныс бірнеше дереккөзіне сүйеніп хабарлаған.
Қытай басшысы бұл мәлімдемені өзге жайттарға қоса Украина мәселесі де талқыланған келіссөз барысында жасаған деп жазды газет. Ал Трамп болса АҚШ, Қытай және Ресейдің күш-жігерін Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотқа қарсы біріктіруді ұсынған дейді басылым. Газет дереккөздерінің бірі АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденмен кездесулерінде Си Цзиньпин Ресей мен Украина туралы "ашық және тура" талқылауларға қарамастан, Путинге және Украинаға қарсы кең ауқымды соғысқа баға бермегенін айтқан.
Financial Times газеті бұл ақпаратты Ресей президентінің Пекинге ресми сапары қарсаңында және Ресей әскерінің майдандағы ілгерілеуі баяулаған тұста жариялады. Қытайға сапары алдында жасаған видеоүндеуінде Путин "Ресей-Қытай қарым-қатынасы шынымен де бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті" деп мәлімдеді.
"Ресей-Қытай стратегиялық одағы жаһандық аренада маңызды, тұрақтандырушы рөл атқарады. Бұған қоса біз ешкімге қарсы емес, бейбітшілік пен жалпы өркендеу үшін бірлесе жұмыс істеп жатырмыз", деді ол.
Еуропа одағы, АҚШ және Украина бұған дейін Пекин Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтата алады деп бірнеше рет мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский Қытай Ресей армиясына қару-жарақ беріп отыр және Ресей аумағында кейбір қару түрлерін шығарумен айналысып отырған болуы мүмкін деп санайды.
"Егер Қытай шынымен бұл соғысқа тоқтау салғысы келсе, Мәскеуді басқыншылықты тоқтатуға мәжбүрлей алады. Қытайсыз Путиннің Ресейі түкке тұрмайды. Бірақ Қытай көбіне үнсіз қалады және белсенді түрде бейбітшілікке ұмтылудың орнына шетте қалғанды жөн көреді", деді ол.
АҚШ-тың НАТО-дағы елшісі Мэттью Уитакер 2026 жылғы ақпанда "Қытай Владимир Путинге қоңырау шалып, бұл соғысты ертең-ақ аяқтай алады" деп мәлімдеген. Ол сондай-ақ Пекин Ресейге қос мақсатта пайдаланылатын өнімдер беруді және Ресейден энергетика ресурстарын сатып алуды доғара алатынын айтқан еді.