АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияны, тіпті Ормуз бұғазы бұғаттаулы күйде қалса да, аяқтауға дайын екенін көмекшілеріне айтқан. Мұны Ақ үйдегі дереккөздердің сөзіне сүйеніп, The Wall Street Journal хабарлады.
Басылым мәліметінше, Трамп пен оның кеңесшілері бұғазды күшпен ашу әрекеті қарулы жанжалды созып жіберуі мүмкін деген қорытындыға келген. Осыған байланысты Трамп АҚШ негізгі мақсатына жеткен соң – Иранның әскери-теңіз күштері мен зымыран қорына ойсырата соққы бергеннен кейін әскери операцияны аяқтағаны жөн деп ұйғарған.
Егер Вашингтон Ормузды дипломатиялық жолмен ашуға қол жеткізе алмаса, АҚШ ондай бастаманы Еуропадағы және Парсы шығанағындағы одақтастарына беруді ойластырып отыр деген басылым сөйлескен дереккөздер. Мәселені шешудің әскери жолдары да бар, бірақ Трамп "жақын болашақта ондайға басымдық беруге ниетті емес" дейді олар.
The Wall Street Journal Ақ үйдің мұндай шешімі Тегеранның Ормуз бұғазына ықпалын күшейтуі мүмкін деп жазды. Бұған дейін Иран басылымдары ел парламентінің қауіпсіздік комиссиясы бұғаз арқылы өтетін кемелерден баж алуды көздейтін және АҚШ пен Израильге қатысы бар кемелердің өтуін шектейтін жоспарды мақұлдағанын хабарлаған.
Трамп 30 наурыз күні Иранмен келіссөздерде "елеулі прогресс" бар деп мәлімдеген. Бірақ егер жақын уақытта екі тарап мәмілеге келе алмаса және Тегеран Ормуз бұғазын сауда үшін дереу ашпаса, АҚШ Иранның энергетика инфрақұрылымын, соның ішінде электр станциялары, мұнай ұңғымалары мен Харг аралын түгелдей жермен-жексен қылатынын ескерткен.
Осыдан бірнеше күн бұрын The Wall Street Journal дереккөздері Бендер-Аббас маңындағы әскери-теңіз базасына шабуылдау, Иран жағалауының жекелеген бөліктерін уақытша бақылауға алу, Харг аралын басып алу немесе Иранның ядролық материалдарына қол жеткізу сөз болған болуы ықтимал деп айтқан.
Харг аралы Иран үшін стратегиялық маңызға ие: елдің мұнай экспортының шамамен 90 пайызы осы терминал арқылы өтеді.
АҚШ сондай-ақ Ормуз бұғазы "иіні" ауданындағы Әбу-Мұса, Үлкен және Кіші Томб аралдарына әскер күшін жібере алады. Алайда ол жерге жету оңайға соқпайды: кемелерге теңіздің Иран бақылауындағы таяз әрі миналанған болуы мүмкін тұсымен жүзуге тура келеді.