Қарашаның аяғында Новороссийскідегі "Каспий құбыр консорциумы" (КҚК) терминалына Украина дрондары жасаған шабуыл салдарынан Қазақстанда желтоқсан айының қорытындысы бойынша мұнай өндіру шамамен 6 пайыз қысқарған. 29 желтоқсанда Reuters агенттігі өз дереккөзіне сүйеніп осылай деп жазды.
Украина кейінгі айларда Ресейдің энергетика инфрақұрылымына шабуылды күшейткен. Мұндағы мақсат – Мәскеудің кіріс көздерін азайтып, әскери әлеуетін әлсірету дейді басылым. Агенттік Қазақстандағы мұнай өндіру азайғанын ең алдымен елдегі ең ірі мұнай кеніші саналатын Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемінің қысқаруымен байланыстырады. Теңізден өндірілген мұнай КҚК құбырымен экспортқа жөнелтіледі.
29 қарашада Украина дрондары КҚК-ның Южная Озереевкадағы мұнай терминалына шабуыл жасаған. Қазақстанның мұнай экспортының шамамен 80 пайызын осы терминал қамтамасыз етеді. Шабуыл салдары Қазақстанның мұнай экспортына кедергі келтіріп, Астананың наразылығын туғызды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан КТК инфрақұрылымына шабуылға байланысты Украинаға наразылық білдірдіБасылым дерегінше, 1-28 желтоқсан аралығында Теңіздегі мұнай өндіру көлемінің күндік көрсеткіші 719,8 мың баррельге дейін түсіп, 10 пайыз қысқарған.
"Аты-жөнін атамауды сұраған дереккөздің айтуынша, әлемде мұнай өндіру көлемі бойынша 12-орында тұрған Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру қарашадағы бір күндегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда желтоқсанда 6 пайыз азайып, 1,93 млн баррель болған", – деп жазды Reuters.
Өндірістің төмендеуі Қазақстанның негізгі экспорттық маркасы саналатын CPC Blend мұнайын шетке сатуға тікелей әсер етіп жатыр: биыл желтоқсан айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі кейінгі 14 айдағы ең төмен деңгейге түсуі мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Қазақстан мұнайдың бір бөлігін балама бағыттарға, соның ішінде "Баку-Тбилиси-Жейхан" (БТЖ) құбырымен жөнелтуге мәжбүр болды. Сонымен қатар "Атырау-Самара" құбырымен (Қазақстан мұнайы Германияға жеткізілетін бағыттың бір бөлігі) тасымал көлемі желтоқсанда шамамен ширек бөлікке артып, күніне 255,5 мың баррельге жеткен.
Алайда бұл бағыттардың өткізу әлеуеті шектеулі және олар КҚК-ны толық алмастыра алмайды деп жазды басылым.
КҚК терминалы – АҚШ пен Еуропаның ірі мұнай кәсіпорындары, соның ішінде Chevron (CVX.N), Exxon Mobil (XOM.N), Eni (ENI.MI) және Shell (SHEL.L) компаниялары басқаратын Қазақстан кен орындарынан жеткізілетін мұнайды танкерге тиеп, халықаралық нарыққа жөнелтетін негізгі орын.
Reuters мәліметінше, желтоқсан айында осы терминал арқылы Қазақстаннан ғана экспортталған мұнай көлемі қарашадағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда 19 қысқарып, күніне 1,082 млн баррельге дейін төмендеген. КҚК арқылы шамалы көлемде ресейлік мұнай да экспортқа шығарылады.
Осы шақта КҚК терминалы Қара теңіздегі дауылдарға байланысты мұнай жөнелтуді уақытша тоқтатқаны хабарланды. Бұл экспорт пен өндіріске де қауіп төндіріп отыр, өйткені мұнай сақтау қоймалары қазірдің өзінде толып қалған дейді басылым.
29 қарашада дрондар жасаған шабуылдан соң Новороссийскідегі терминалда мұнай тиеуге арналған үш айлақ қондырғысының тек біреуі жұмыс істеп тұр. Екіншісіне дрон шабуылы салдарынан зақым келсе, үшіншісінде жоспарлы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Әдетте Әдетте үшеуінің екеуі қатар жұмыс істеп, үшіншісі резерв ретінде пайдаланылады.