Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқан сәттен 2026 жылдың қыркүйек айының аяғына дейін кемінде 490 мың ресейлік жауынгер қаза тапқан. Ресейлік "Росстат" мекемесінен тарап кеткен деректерді зерттеген журналистер осындай қорытындыға келді. Ал әзірге хабар-ошарсыз кеткенге саналатын адамдарды қоса есептегенде, 2026 жылдың күзіне қарай Ресей тарапының шығыны шамамен 720 мың адам немесе одан да көп деп бағалады "Медуза" және "Медиазона" басылымдары.
"Росстат" деректерін журналистерге "Беларусь киберпартизандары" және Silent Crow хакерлік топтары берген. Олар "Росстат" базасын бұзып кіргенін 1 қарашада жариялаған еді. Журналистер екі деректер қорын өңдеп, қайталанған жазбаларды алып тастаған соң және түзетілген құжаттарды біріктіргеннен кейін 2021 жылдың басынан 2026 жылдың қыркүйегінің аяғына дейінгі аралықтағы өлім-жітім туралы 11 миллион 660 мыңға жуық бірегей жазба қалған. Бұл санға барлық қайтыс болғандар кіретіндіктен, қаза тапқан әскери қызметкерлер туралы мәліметтерді бөлек іріктеуге тура келген.
Журналистер деректер қорының түпнұсқалығын архив істері тізімі, сот шешімдері, азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесінен бұрын тарап кеткен өзге де деректер және "Росстаттың" ашық статистикасы арқылы тексерген. Архивтерден "Медиазона", BBC-дің Орыс қызметі және еріктілер бірлесіп жүргізетін қаза тапқандардың атаулы тізіміндегі сарбаздардың 95,1 пайызы туралы жазбалар табылған.
The Insider басылымы жасырын архивтен қаза тапқан 370 мыңнан астам адамның аты-жөнін анықтаған. Басылым сайтына кіріп, адамның аты-жөнін теріп іздеу жасауға болады. The Insider есебінше, ең көп шығын 2025 жылдың көктемінде тіркелген – үш ай ішінде 61 мыңнан астам адам қаза тапқан.
"Важные истории" басылымының есебінше, қаза тапқандардың орташа саны 2022 жылы күніне шамамен 60 адам болса, 2023 жылы 150-ге, ал 2024 жылы 400-ден астам адамға дейін өскен. 2025 жылы күніне тіркелген өлім дерегі 584-ке жеткен. Орта есеппен алғанда, Украинадағы соғыста әр бес минут сайын бір ресейлік жауынгер қаза табады.
Сондай-ақ басылым соғыс басталғалы бері 18-19 жас аралығындағы жеті мыңнан астам жас жігіт қаза тапқанын есептеп шығарған. Олардың шамамен жартысы 2025 жылы, ал 16 адам кәмелетке толғаннан кейінгі алғашқы айда көз жұмған.
Ресейдегі халық санына шаққанда, соғыста ең көп қаза тапқан адам саны Қиыр Шығыс пен Сібір өңірлерінде тіркелген. "Важные истории" есебіне сәйкес, Еврей автономиялық облысында 100 мың тұрғынға шамамен мың қаза тапқан адамнан, Забайкалье өлкесінде – 800-ге жуық, Чукоткада – 760, Тывада – 650 адамнан келеді. Мәскеуде бұл көрсеткіш 63 адамға тең болған.
Редакция Ресей тарапынан қаза тапқандар арасында кемінде алты мың шетелдікті, соның ішінде украиналық құжаты бар азаматтарды анықтады. Журналистер ұрыс қимылдарына қатысы жоқ себептерден көз жұмған әскери қызметкерлердің деректерін бөлек зерттеген. Шамамен 2,5 мың адам алкоголь мен есірткі тұтыну салдарынан немесе өзіне қол салып өлген.
"Росстаттан" тараған деректерді сондай-ақ BCC-дің Орыс қызметі, "Новая газета Европа", "Проект", "Досье" орталығы және "Вот так" басылымы зерттеп, жұмыс істеген.