БАҚ: Зеленскийдің айтқан сәлемін Путинге Абрамович жеткізген

Кәсіпкер Роман Абрамович (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин

Мамыр айында Киевке Украина президенті Владимир Зеленскийдің шақыруымен барып, кездескен соң оның кездесу өткізу жайлы ұсынысын Ресей президенті Владимир Путинге жеткізген ресейлік кәсіпкер – Роман Абрамович. Financial Times басылымы бұл деректі төрт дереккөзге, оның ішінде екі жоғары лауазымды украин шенеунігіне сүйеніп жазды. Бұған дейін өзіне әлдебір кәсіпкер Зеленскийдің ұсынысын жеткізгенін Путин өткен аптада Петербург экономика форумында айтқан еді, бірақ ол кәсіпкердің аты-жөнін атамаған.

Кейінірек Зеленский Sky News арнасына берген сұхбатында Абрамович арқылы Ресей президенті Владимир Путинге тікелей келіссөзге дайын екені жөнінде белгі бергенін растады. Оның сөзінше, Киев қазіргі майдан шебі бойымен атысты тоқтатудан басталатын келіссөздерді қолдайды, бірақ Донецк облысынан украин әскерін толық әкету туралы талапқа келіспейді.

Бұған қоса Зеленский ресейлік кәсіпкердің Киевке сапары "құпия емес" екенін, алайда Абрамовичтің өзі "бәрін тыныш қана, көпке дабыра қылмай өткізуді" қалағанын айтты.

Украиналық жоғары лауазымды екі шенеунік Зеленскийдің Абрамович арқылы жіберген ұсынысын кейінірек Украина президенті Ресей басшысына жазған ашық хаттағыға ұқсас, бірақ ондағыдай келемеж жоқ деп сипаттаған. Зеленский ашық хатында Путинмен кез келген үшінші бір елде кездесу өткізу туралы және майдандағы жағдай жайлы айтқан еді. Ол хатында Путинге шүйліге сөйлеп, Ресейдің майданда сәтсіздікке ұшырап жатқанын мысқылдаған.

FT дереккөздерінің айтуынша, Зеленский жеке кездесу өткізуге ынтығып отыр, себебі Путинді "мысым басады" деп үміттенеді.

2022 жылдан бері Абрамович Киев пен Мәскеу арасында бірнеше рет бейресми араағайын ретінде әрекет етті, соның ішінде 2022 жылдың көктеміндегі Стамбұл келіссөздерін өткізуге атсалысқан. "Ол қажет [адам], себебі олар [украиндар] шыдамы жетіп тыңдауға дайын жалғыз ресейлік сол. Ол бәрімен тіл табысады", дейді FT дереккөздерінің бірі. Абрамович Киевтің ұсынысын Путинге жеткізген делінеді. Ресей президентінің айтуынша, ол 21 мамырда аты-жөні аталмаған кәсіпкермен кездескен, ал 22 мамырға қараған түні Старобильск қаласындағы колледжі әуе шабуылына ұшырады, оны Ресей тарапы террористік шабуыл деп атады. Путин кәсіпкерден "бұл нені білдіреді" деп сұрағанын және кәсіпкер Киевпен байланысуға уәде бергенін, бірақ содан бері Путин онымен сөйлеспегенін айтты.

4 маусымда Зеленскийдің Путинге жазған ашық хаты жарияланды. 5 маусымда Санкт-Петербург экономика форумында сөйлеген сөзінде Путин Зеленскиймен кездесудің еш мәні жоқ деп мәлімдеді. Ол аты-жөні аталмаған кәсіпкердің миссиясы жайлы да айтты.

Осы жайтқа байланысты Абрамовичтің есімін түрлі Telegram арналар жазды, Жоғарғы Рада депутаты Алексей Гончаренко да өз дереккөздеріне сүйеніп атады. Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков "көпшлікке" мәшһүр "айтарлықтай ірі кәсіпкердің" Киевке сапармен барғанын мәлімдеді, бірақ аты-жөнін атамады.

Кремль, Украина президенті кеңсесі және кәсіпкер өкілдері бұл ақпаратқа байланысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.