Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылары 23 тамызда елде Құрылтай сайлауы өткен күні өздері болған учаскелерде сайлаушы аз келгенін айтады. Бақылау жүргізілмеген учаскелердің көрсеткішімен салыстырғандағы айырмашылық екі есе, кейде тіпті одан да көп. Бұл феноменді тіпті Орталық сайлау комиссиясы да түсіндіре алмай отыр: комиссия басшысы мұны "жауап беру қиын" сұрақ дейді. Бақылаушылар тағы не нәрсеге назар аударды?
23 тамыздағы Құрылтай сайлауында дауыс беру барысын бұрынғы науқандармен салыстырғанда әлдеқайда аз бақылаушы қадағалады. Оралдағы "Абырой" сияқты кейбір ұйымдарға бюрократиялық процедураларға байланысты бақылау жүргізуге рұқсат берілмеді. "Еркіндік қанаты" "елде саяси реформалар жүрмей қалды" деп, бақылаудан өз еркімен бас тартты. Шетеден грант алатын ұйымдардың сайлауды бақылауына тыйым салынған соң бақылаушы ұйымдар қатары сиреп қалды.
Тәуелсіз бірлестіктердің ішінен Оралдағы "Жария", Астана мен Алматыдағы "Мұқалмас", сондай-ақ Алматыдағы Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметі (МИСК) бақылаушы дайындай алды.
"Сайлаушылар дауыс беруге қорқады деп қалжыңдаймыз"
Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, 74 пайыздан астам адам дауыс берген. Алматы мен Оралдағы тәуелсіз бақылаушылар бұл бұрмаланбаған цифр екеніне күмән келтіріп, өздері қатысқан учаскелерде сайлаушылар белсенділігінің төмен болғанын айтады.
Алматыдағы Құрылтай сайлауы. 23 тамыз, 2026 жыл.
ОСК-ның хабарлауынша, Алматыда сайлаушылардың 43,2 пайызы дауыс берді, бұл - әдетте сылбыр дауыс беретін қала үшін жоғары көрсеткіш. Қаладағы 20 учаскеде бақылау жүргізген "Тәуелсіз бақылаушылар" қоғамдық бірлестігі онда дауыс бергендердің орташа көрсеткіші 14,4 пайыз болды дейді (бұл учаскелердегі сайлаушылар тізіміне енгізілген 45 076 адамның 6 493-і дауыс берген). Бақылаушылар болған және болмаған учаскелер арасында дауыс бергендер арасында үлкен айырма бар екенін Батыс Қазақстан облысындағы бақылаушылар да байқаған.
Бақылаушы Хакім Меңдібай 23 тамызда Орал іргесіндегі Байқоныс ауылындағы №196 учаскеге барды. Мамырда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өткен референдумда бұл учаскеде дауыс бергендердің ресми көрсеткіші 81 пайыз болған еді. Ол кезде онда тәуелсіз бақылаушылар болмаған. Меңдібай бұл жолы белсенді сайлаушыларды өз көзімен көргісі келді. Бірақ Құрылтай сайлауында бұл учаскеге тұрғындардың 27 пайызы ғана келді. "Рефередумда біз бақылау жүргізбеген және қатысу көрсеткіші 80-90 пайыз болған учаскелерде бұл жолы көрсеткіш 20-30 пайыз болды. Яғни, біз бақыламасақ, қатысу көрсеткіші жоғары болады. Ал біз бақыласақ, қатысу көрсеткіші төмендейді. "Жария" бақылауға келгенде сайлаушылар келуге қорқады деп қалжыңдаймыз", — дейді Хакім Меңдібай.
Оралдық бақылаушы Хакім Меңдібай. 23 тамыз, 2026 жыл.
Жарты жылда бұл аймақтағы сайлаушылар саны азайған жоқ дейді ол. Керісінше көбейген.
"Жарты жыл ішінде тұрғындар бір жаққа көшіп кетті деуге келмейді. Керісінше, 600 адамға көбейіп, енді 2700 болды. Ауыл өсіп жатыр", — дейді бақылаушы.
"Жария" бақылаушылары наурызда сайлаушылар өте белсенді қатысқан учаскелерге арнайы барды. Бірақ тамыз айында жағдай мүлдем басқаша болды.
"15 наурызда өткен референдумда [Оралдағы] №345 сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушы болған жоқ және онда сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 91 пайыздан асқан еді. Бүгін осы учаскеде біз бақылаушы болдық. Қатысу көрсеткіші 21 пайыздан сәл ғана асты! Айырмашылық — 70 пайыз (91 − 21). Неге екенін түсіне алар емеспін, бірақ неге екені белгісіз, мен учаскеде отырғанда сайлаушылар келмейді", — деп жазды сайлау күні "Жария" бақылаушысы Ғаділбек Жұбанғали.
Сайлау учаскесіне ұлттық киіммен киген адамдар. Орал, 23 тамыз, 2026 жыл.
"Жария" Батыс Қазақстан облысындағы 481 учаскенің 21-інде бақылау жүргізді, оның 14-і Оралда, қалғандары облыс аумағында. Осы учаскелердегі сайлаушылар тізіміне барлығы 37 мың адам енгізілсе, дауыс беруге 10 мыңға жуығы келген. Яғни, орташа қатысу көрсеткіші - 27 пайыз.
ОСК мәліметінше, облыстағы ресми қатысу көрсеткіші 73 пайыздан асты. Мұндай цифрлар 25 тамыз күні Астанадағы брифингте жарияланды. Сол жиында Азаттық Азия комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровке тәуелсіз бақылаушылар қатыспаған учаскелерде дауыс беру көрсеткіші бақылаушы болған учаскелерге қарағанда едәуір жоғары болғаны туралы сұрақ қойды.
"Бір көшеде бір партияға, екінші көшеде — басқа партияға дауыс береді, бір жерде белсенді қатысады, ал екінші жерде белсенділік төмен. Бұған пікір білдіру қиын, — деп жауап берді Әбдіров. — Жауабы қиын сұрақтар қойып отырсыздар. Адамдар түсте белсенді болса, күндіз тыныштық орнайды, ал күннің соңында халық лек-легімен келе бастайды. Неліктен бұлай болатынын айту қиын. Біреу "Мына жерде қатысу көрсеткіші 20 пайыз, көрші учаскеде — 80 пайыз. Бұл қалай болғаны?" десе, оны түсіндіру өте қиын".
Құрылтай сайлауындағы дауыс санау процесі. Орал, 23 тамыз, 2026 жыл.
Алматы: фотоесеп және ілінбеген хаттамалар
Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметі (МИСК) бұл жолы Алматыда шектеулі форматта бақылау жүргізді: олар қаладағы учаскелерге мобильді топ жіберіп, учаскелерді аралап шықты; белгілі бір учаскеде күні бойы тапжылмай отырған бақылаушы болған жоқ.
"Күндіз Қыздар педагогикалық институтында студенттер куратор бастаған топтармен келіп дауыс берген жағдай тіркелді. Заң бұзушылықтың көбі чаттар арқылы түсті: көбіне бюджеттік ұйымдар дауыс беруге мәжбүрледі деген хабарлама болды. Бұл ретте жұмыс берушілер әлеуметтік желідегі жазба, хэштег қою, басшылықтың WhatsApp аккаунтына фотоесеп жіберу, белгілі бір уақытқа дейін дауыс беру және тіпті дауыс берген қызметкерлердің есімдері жазылған кестені толтыру сияқты есеп талап еткен", — дейді МИСК бас директоры Ирина Медникова.
"Бірақ біз бақылаған кездегі ең үлкен заңбұзушылық – "Сайлау туралы" заңның 43-бабы, 8-тармағының бұзылуы, онда: "Хаттаманың көшірмесі көпшілік танысуы үшін сайлау учаскесі ғимаратында арнайы белгіленген орынға дереу ілінеді және онда екі күн бойы тұрады" деп көрсетілген. 31 учаскенің тек 9-ы ғана танысу үшін қорытынды хаттаманы іліп қойған, қалған 22-сі оны жасамаған. Тіпті, комиссия қызметкерлері мұндай талап бар екенінен хабарсыз болған", – дейді Медникова.
МИСК "жұмыс берушілер қызметкерлерінен фотоесеп, хэштегпен пост жазу және дауыс беру туралы есеп беруді талап еткенін" айтады. Бірлестік өкілдері "Алматыда дауыс беру көрсеткішінің жоғары болуына осы әсер етті, мұны қала билігі ұйымдастырған болуы мүмкін" деп топшылайды.
Алматыдағы сайлау учаскесі. 23 тамыз, 2026 жыл.
"Біз аз ғана аумақты бақыладық, тек Алматының орталығы, ірі жоғары оқу орындары мен колледждерді қамтыдық. Мұнда "ұйымшылдықпен" дауыс беріп жатты, сайлаушылар топтасып келді, ал әлеуметтік желіде жасырын никпен отырған адамдар кешке қарай цифрлардың тым әсірелеп жібергенін, барлығы пайдасыз нәрсе екенін айтып наразылық білдіріп жатты", — дейді Медникова.
Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясы "Азаттық Азияға" берген түсініктемесінде сайлаушы өзін тізімнен таппай қалған "ұсақ инциденттерді" қоспағанда, қалада Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде заңбұзушылықтар болмағанын мәлімдеді.
"Дауыс беру күні бізге ешқандай шағым түскен жоқ. Ертесінде бір шағым болды: бір азамат комиссия мүшесі өзі көрсеткен электронды жеке куәлікті фотоға түсіріп алды деп шағымданды, бірақ бұл шындыққа келмейді, электронды құжаттың түпнұсқасы QR арқылы тексеріледі", — деді Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова.
Аумақтық сайлау комиссиясы "дауыс беруге мәжбүрлеу" туралы шағым түспегенін айтты.
"Учаскелердегі фотоға түсу туралы айтсақ, бұл – қалыпты құбылыс. Мен де дауыс берген кезде естелік үшін селфи жасадым, өйткені бұл – тарихи оқиға, тарихтағы алғашқы Құрылтай сайлауы. Бірақ мен оны ешкімге жіберген жоқпын. Ең бастысы, толтырылған бюллетеньді жарияламау керек, өйткені конституциялық заңға енгізілген түзетулерден кейін толтырылған бюллетеньді фотоға түсіруге және оны әлеуметтік желіде жариялауға тыйым салынған", — деді Қалықова. Ал дауыс берген сәттегі фотосуреттер сайлау нәтижесіне, соның ішінде сайлаушылардың белсенділігіне "мүлдем әсер етпейді" дейді ол.
Сайлаудың ертесіне учаскелерде хаттамалардың болмауына қатысты пікір білдірген аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері мұндай факт өте аз екенін айтты.
"670 учаскенің ішінен [хаттамалар жарияланбаған] төрт не бес учаске ғана аталады бұл — тым аз. Қазір мән-жайды анықтап жатырмыз, міндетті түрде жауап береміз. Әлеуметтік желідегі видеоны көрдім. Алдын ала ақпарат бойынша, ол жерде [видеода] кімнің кіммен сөйлесіп жатқаны түсініксіз. Ол хаттамалар ілінетін стендтің қайда орналасқанын білмейтін мекеменің техникалық қызметкері де болуы мүмкін", — деді Қалықова. Ол аумақтық сайлау комиссиясына 22 сайлау учаскесінде хаттама жоқтығы туралы ақпарат түспегенін ескертті.
Алматыдағы №254 сайлау учаскесінде сайлауды бақылап отырған бақылаушылар. 23 тамыз, 2026 жыл.
Ол "Алматыдағы сайлау ұйымдасқан түрде, демократиялық жолмен, заңнамаға сәйкес өтті", ал сайлау комиссиялары "қалыпты жұмыс істеді" деді.
Бақылаушылардың жеткіліксіздігі
2004 жылдан бері Қазақстандағы сайлауларды бақылап келе жатқан алматылық азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев сайлау учаскесіне "Мұқалмас" қоғамдық бірлестігінің өкілі ретінде барған. Ілияшев ҰҚК-нің тергеу изоляторындағы учаскеде☐дауыс беруді бақылағысы келген. Онда азаматтық белсенді Санжар Боқаев пен оның мобилографы Ұлан Нүсіпқожа қамауда отыр (Тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев әлеуметтік желіде "жалған ақпарат тарату және теріс қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында" заңсыз ағаш кесу және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлау туралы бейнематериал жариялаған).
Ілияшевтің айтуынша, жабық учаске болғандықтан, ҰҚК тергеу изоляторындағы дауыс беру түске дейін-ақ аяқталған. Содан кейін ол полицияның тергеу изоляторында (CИ-18) орналасқан учаскеге барған.
Ілияшев болған учаскелердегі дауыстар көрсеткіші қала бойынша ресми нәтижеден өзгеше.
"Мәселен, СИ-18-де билік партиясына сайлаушылардың 41 пайызы ғана дауыс берсе, Алматы бойынша аумақтық сайлау комиссиясы оларға 55 пайыз берілгенін көрсетеді. Есесіне, СИ-18-де сайлаушылардың 16 пайызға жуығы "Бәріне қарсымын" бағанын таңдаған, бұл қандай да бір партияға дауыс бергендер санынан көп. Ал аумақтық сайлау комиссиясы мәліметінше, "бәріне қарсымын" дегенді дауыс бергендердің 4,5 пайызы ғана таңдаған", — дейді Ілияшев.
Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясы бұл жөнінде "Азаттық Азияға" "кейбір учаскелердегі жағдай Алматыдағы барлық 670 учаскедегі жалпы көріністі білдірмейді" деп жауап берді.
Алматыдағы ҰҚК департаментінің тергеу изоляторының кіреберісі. Мұнда №92 сайлау учаскесі орналасқан. 23 тамыз, 2026 жыл.
Ілияшев барған бес учаскеде өрескел заңбұзушылық байқамаған. Ол басқа ұйымдардан келген бақылаушыларға назар аударыпты. Оның айтуынша, олар әртүрлі ұйымдардың атынан қатысқанымен, бейдждері мен күнделіктерінің безендірілуі ұқсас болған.
"Кейбіреуімен сөйлесе келе, негізінен студенттер екенін білдім. Өздерінің айтуынша, оларды университеттің Whatsapp чаттары арқылы тартқан, кейін әкімдік кураторлары бар жабық Telegram чаттарға сілтеме жіберіп, сонда тиісті нұсқау беріп отырған. Бұл әрекет "волонтерлік" деп аталғанына қарамастан, оларға осы жұмысы үшін шамамен 12-15 мың теңге (26-30 доллар. — Ред.) төлеуге ауызша уәде берген", — дейді Ілияшев.
Алматыда сайлаушылардың салыстырмалы түрде белсенді болуының бір себебі – Құрылтай сайлауында учаскелерге "наразылық білдіруші" сайлаушылар баруы мүмкін деп болжайды Ілияшев.
"Конституция жобасына байланысты референдумда Алматыда 105 757 сайлаушы "қарсы", ал 312 437 сайлаушы "жақтап" дауыс берді. Тәуелсіз бақылаушылар барлық учаскені толық қамти алмағандықтан, бұл сайлауда да соған ұқсас нәтижені тіркеуге мүмкіндік болмады. Бірақ ең бастысы — жағдайға көңілі толмайтын қала тұрғындары учаскелерге келді, алдыңғы жылдары мұндай болмаған. Мұның өзі жақсы деп ойлаймын", — дейді ол.
Алматыдағы дауыс беру процесі. 23 тамыз, 2026 жыл.
Белсенділер өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік берілетін жергілікті өкілді орган — мәслихат сайлауына дайындалу қажет деп санайды. Жаңа Конституция бойынша парламентке сайлау енді тек партиялық тізіммен өтеді.
"Азаматтық қоғам бұдан қорытынды шығарып, алдағы мәслихат сайлауына дайындалуы керек. Онда біз бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсыну арқылы шынайы күресіп, жергілікті өкілді органдарға партияда жоқ қала тұрғындарының өтуі үшін таласа аламыз", — дейді Ілияшев.