Белсенді Санжар Боқаев ұлттық компанияда істеген кездегі жұмысына қатысты күдікке ілінген. Бұл жөнінде 2 сәуірде бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов айтты.
Оның сөзінше, Боқаев “Алаяқтық жолмен ірі көлемде ақша жымқыру” (190-бап) және “Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау” (340-бап) бойынша күдікке ілінген. Бірақ мәселе нақты қандай жымқыру туралы болып отырғанын айтпады.
“Бұл оның ұлттық компанияда істеген кезінде болған” деді прокурордың орынбасары.
Нақты жылдарын да айтпады. Боқаев 2015-2018 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ-да басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.
Белсенді Санжар Боқаев 18 наурызда ұсталып, ертесіне Алматының тергеу соты оны екі айға қамау туралы шешім шығарған.
Бас прокуратура Боқаев "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.
Тергеу долбары бойынша, Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды тартқан.
Боқаев ұстала салысымен желіде бір адам түскен, бірақ мазмұны бір-біріне қайшы екі видео тарады. Біріншісінде "полиция мені Боқаев пен оның көмекшісі Ұланға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрледі, азаптады" деп жыларман күйде сөйлеген ер адам бейнеленген. Оның адвокаты Диас Ахметов бұл видеоны Алматы қалалық полиция департаментінің кіре берісінде екі ай бұрын түсіргенін айтты. Бұл адвокат Санжар Боқаевты да қорғаған.
Осы видеоның ізін ала тағы да осы адам түскен басқа видеоны анонимді телеграм арналар таратты. Онда әлгі адам өзін Түркістан облысы тұрғыны Ахлиддин Хамракуловпын деп атап, бұған дейінгі видеода айтқан сөзінен айнып, солай сөйлеуге мәжбүрледі деп өз адвокатын айыптаған. Бұл видеоны Хамракулов өз еркімен түсірді ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз қалып отыр.
Санжар Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әлеуметтік желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утильалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерін "жөндеу" жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар жайлы түсірген видеолары әлеуметтік желілерде жиі таралған.
Бұрын мемлекеттік қызметте істеген, кейін қоғамдық бастамалармен айналысуға көшкен Санжар Боқаев Қаңтар оқиғасынан соң "Намыс" партиясын құратынын жариялаған. Бірақ партия ресми тіркеуден өткен жоқ. Ол 2023 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде Алматының №4 сайлау округі бойынша депутаттыққа өзін-өзі ұсынып, жеңілген. Ол сайлаудың ресми қорытындысына келіспей, дауыс санау бұрмаланғанын айтып, Жоғарғы сотқа дейін шағымданғанымен нәтиже шығара алмаған.
Сайлаудан кейін Боқаев "Халық парламенті" деген ұйымға бірігіп, күресуге әрекеттенген, кейін ол ұйымның адамдары да "заңсыз жиынға қатысқаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылды.
Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.
Осы аптада жақтастары белсендінің сотын ашық жүргізуді әрі тікелей эфирден көрсетуді талап етті.