Бас прокуратура сайлау қарсаңында азаматтарға заңды бұзбау қажеттігін ескертті

Қазақстан бас прокуратурасы 27 қарашадағы хабарламасында мәслихат сайлауы қарсаңында заңнаманы сақтау қажеттігін айтып, талаптарды бұзғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.

«Бүгінгі таңда прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 13 фактісін анықтады, оның ішінде 7 факт – үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге байланысты», – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, барлық кінәлі танылған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бас прокуратура сонымен бірге:

  • Дауыс беруге дейінгі бес күнде және дауыс беру күні сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау болжамдарын және өзге де зерттеулерді жариялауға болмайтынын;
  • Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде қоғамдық пікір сұрауға тыйым салынатынын;
  • Заңсыз митинг, шеру ұйымдастыруға болмайтынын;
  • БАҚ-та жалған ақпарат пен заңға қайшы контент таратуға болмайтынын ескертті.

Қазақстанда 29 қарашада мәслихат сайлауы өтеді. ОСК мәліметінше, сайлауға барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Оның ішінде партиялық тізім бойынша, 1219 адам, бір мандатты округ бойынша 9752 адам бар. Бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде кейбір азаматтар кандидат ретінде тіркеле алмағанына шағымданған.

Солардың бірі Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе ауылында Бағлан Зиябеков есімді азамат өзін аудандық мәслихатқа кандидат ретінде тіркемей отырғанына шағымданған. Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Азаттыққа жолдаған жауабында Бағлан Зиябековтің мәслихат сайлауына қатысуға ниет білдіргенін растады, бірақ оның "құжат тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүгінгенін" айтты. БҚО-да полиция тәуелсіз бақылаушылардың үйлері мен кеңсесін тінткен. Полиция ұйымға қатысты алаяқтық туралы екі арыз түскенін айтқан.