Бәтиқа Біләш үйқамаққа жіберілді

Бәтиқа Біләш қамаудан босатылып, үйқамаққа жіберілді. Ақпаратты адвокаты Шынқуат Байжанов Азаттыққа хабарлады.

"Тергеу соты екі айға үйқамаққа жіберді. Негізінде прокуратура екі айға қамауды сұраған. Бірақ сот оны орындамады. "Әйел адам, кішкентай баласы бар, бұған қоса, қылмыстың сипаты да ірі қылмыс емес" деді судья" дейді адвокат Шынқуат Байжанов.

26 маусымға қараған түні Алматы облысында полиция Бәтиқа Біләштің үйін тінтіп, өзін полицияға алып кеткен еді. Ол бұған дейін 10 күнге қамалған.

Бәтиқа Біләш – АҚШ-та тұратын Шыңжаңдағы қуғын жөнінде айтып жүрген белсенді, «Атажұрт» ұйымының алғаш құрушылардың бірі Серікжан Біләштің әпкесі.

Адвокаттың айтуынша, Бәтиқа Біләштің үстінен 10 шақты адам арыз түсіріп, "алаяқтық" жасады деп айыптаған. Бұлар – Серікжан Біләштің YouTube парақшасында көрсетілген телефон арқылы "30-40 мың теңге" аударғандар. Олар "ақша арна авторының жеке мақсатына жұмсалатынын" айтып арызданған. Ондағы телефон иесі Бәтиқа Біләш айыптаулармен келіспейді.

Бұған дейін Amnesty International ұйымы мәлімдеме жасап, Астананы «Атажұрт» белсенділерінің туыстарын қудаламауға шақырған еді.