Орал қаласындағы "Уральская неделя" басылымы Батыс Қазақстан облысы аумағында, Ресеймен шекара маңындағы Сырым шекара бекетінің үстінде екі күн бойы белгісіз дрондар айналып ұшып жүргені байқалған деп жазды.
Басылымға куәгерлер он шақты дрон шекара бекетінің үстінде екінші түн ұшып жүргенін, олар Ресейдің Самара облысы жағынан келгенін айтқан.
Қазақстанның қорғаныс министрлігі бірнеше басылымға "әуе кеңістігін бұзу оқиғасы тіркелмегенін және тиісті қызметтер жағдайда бақылап отырғанын" хабарлаған. Министрлік сабыр сақтауға және "жалған ақпарат таратпауға" шақырған.
Былтырдан бері Қазақстан аумағында әскери дрондар бірнеше рет байқалды, олардың көбі жерде жатқан кезде табылған. 2025 жылы Батыс Қазақстан облысының бір өзінде кемінде бес дронның бөлшектері табылды. Биыл наурыз айында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылының маңынан жерілікті тұрғындар пилотсыз ұшу аппаратын тауып алды.
Қоғамда резонанс тудырғанына қарамастан, билік бұл оқиғалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берген жоқ.
Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас аудандарына бұрын да әйуеден әскери нысан бөлшектері құлайтын. Атап айтқанда, бірнеше рет сол жерден зымыран сынықтары табылған. Көрші Ресейдің Астрахань облысында "Капустин Яр" әскери сынақ полигоны орналасқан. 2018 жылы Батыс Қазақстан аумағына құлаған нысандардың бірі кейінірек осы сынақ полигонынан ұшырылған зымыранның сынығы екені анықталды.